Талдықорғанда жүзден астам отбасы өзіне тиесілі баспанаға кіре алмай жүр

Талдықорғанда 100-ден аса отбасы жыл басынан бері өздеріне тиесілі баспанаға көшіп кіре алмай жүр.

Себебі көп қабатты үйге су толық берілмеген, ал электр жарығы мүлдем жоқ. Тұрғындар «мемлекеттік бағдарламамен алынған пәтерде тұрмасақ та ипотекасын төлеуге мәжбүрміз» деп ашынып отыр.

Назира Нұрланқызы баспанасының құжаттарын желтоқсан айының соңында алды. Содан бері ол ипотекалық несиесін екі рет төлеген. Бірақ әлі күнге дейін пәтеріне көшіп кіре алмай жүр.

Назира Нұрланқызы, қала тұрғыны:

- Қиналып кеттік. Мен өзім жұмыс істеймін. Күйеуім де жұмыс істейді. Тоқсан мыңнан. Біз аннан-мұннан құрап, екі жүз мыңнан төлеп отырмыз. Ай сайын. Квартирада тұрамыз арендада. Квартираның ақшасын бір шығарамыз, ипотеканың ақшасын бір шығарып отырмыз қазір.

Тағаты таусылған тұрғындар қала әкімінің орынбасарымен бірге үйді аралап шықты. Жертөледе қатқан мұзды, қабырғадағы жарықты көрген олар жағасын ұстады. Мердігер мекеме өкіліне пәтер ішіндегі кемшіліктерді де көзге шұқығандай көрсетіп берді. 

- Мынаның тесігі ана жақта тұр. Трубасы мына жақта тұр. Мынау просто сонда показуха. Потом мына жерді қараңыздар. Элементарный слив мынау. Ашық тұр. Су ағатын жері дәу шел. Слив төмен тұру керек. Ал мынау аспанда жоғарыда тұр. Бұдан қалай су ағады. Элементарный соны жасамаған. Біз өзіміз көрмесек потоп болады. Мынау былқылдап тұр. Құр пеноплекс қоя салған. Болды.

110 пәтерлі көп қабатты үй «Тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту» бағдарламасы арқылы өткен жылдың соңында пайдалануға берілуі тиіс еді. Электр жарығы, жылуы болмаған нысанның қабылданып, мемлекеттік жобамен сатылып кеткеніне тұрғындар аң-таң.

Дана Оспанова, қала тұрғыны:

- Негізі үй дайын болғаннан кейін берілу керек қой. Ал біздің құжатымыз дайын бірақ үй дайын емес. Жылудың өзін қаңтардың ортасында берді. Жарықты әлі берген жоқ. Трансформатордың өзін алып келдік өткен аптада шуылдап жүріп, енді береді. Сондай үйді мемлекеттік бағдарламамен сатып отыр.

Рүстем Бершінбеков, қала әкімінің орынбасары:

- Қабылданып кеткеннен кейін болған ақауды қазір қалпына келтіріп жатырмыз. Соны «Жаркент-Алғыр» компаниясының басшыларымен сөйлестік, Осы жерде прорабтары да жүр. Бригадасы келеді. Осы жерде жүрген адамдарымен гарантинный срогымен уже жұмыс басталып кетті. Вентиляционный шахталарын ауыстырып береді. Дополнительно біз ГАСК-ке шағым жасадық біздің құрылыс бөлімінен мердігерді технодзорды жауапқа тартамыз заң аясында. Штрафовать етеміз немесе лицензиясын тартып аламыз.

Электр тоғын тартатын компания алғашқы трансформатордан ақау шығып, қазір екіншісін орнатып жатқанын жеткізді. Ал қала әкімінің орынбасары мен мердігер мекеме өкілі «бір жетінің ішінде кемшілікті ретке келтіріп, пәтерлерді пайдалануға береміз» деп тұрғындарға уәде берді.

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев