Жамбыл облысының Ойтал ауылына аспалы көпір керек

Себебі елді мекен ортасынан темір жол өтеді.

Жергілікті тұрғындар сол шойын жолдан қауіптенеді. Әсіресе балалары үшін алаңдайды. Оқушылар сабаққа кешігіп қалмау үшін сағаттап тұратын пойыз астынан өтуге мәжбүр.

Мерей Бает, тілші:

- 10 мың тұрғыны бар Ойтал ауылының дәл ортасын мына темір жол бөліп жатыр. Тұрғындардың сөзінше 4 жолақты шойын жол аса қауіпті. Қос жолағын жүк пойыздары жауып қалған кезде, тұрғындар амалсыздан міне мына сынды вагондардың астынан ентелеп еңбектеп өтуге тура келеді.

Эльмира Мамыткерімова Ойтал ауылындағы мектепте 20 жыл бойы еңбек етеді. Айтуынша, аспалы көпір мәселесі ағарту ошағының ұжымын да алаңдатып отыр. Себебі бұл жерден жолаушылар пойызы мен жүк вагондары күнде қатынайды.

Эльмира Мамыткерімова, мұғалім:

- Мың бала оқиды осы жерде 120 мұғалім. Бәріміз осы жерден өтеміз. Қорқынышты, өте қауіпті. Пойыздың астымен өтеміз қорқыныш. Міне қазір жұмыстан келе жатырмын өткізбейді кейбір кезде бізді. Штраф төлейсіңдер дейді. Біз сонда қай жақтан өтеміз, ана жақтан өтеміз бе?

Жүргіншілер өткелін салуды ауыл тұрғындары көптен бері сұрап жүр. Себебі темір жолдың бір бетінде емхана мен базар болса, ар жағында екі мектеп, балабақша мен спорт кешені бар. Сол себепті бәрі қажеттілік үшін қауіпті аймаққа амалсыз аяқ басып жүр. Аудан әкмінің айтуынша, жер біздікі болғанымен шойын жолды көрші Қырғызстан жалға алған. Өткел салуға олардың рұқсаты қажет. Ал сол келісім былтыр рәсімделген.

Жорабек Баубеков, Меркі ауданының әкімі:

- Жобалық сметалық құжаттама мәресіне жетіп қалды. Әрі қарай мемлекеттік сараптамадан өткізген соң біз жоғарғы тұрған бюджетке бюджеттік өтінім беріп қаражат сұраймыз деген жоспарымыз бар. Биыл өтінімді өткізіп негіздемеміз бар. Жалпы жұмысты биыл бастап кету керек деген міндеттеме алып отырмыз.

Көпір құрылысына аудандық бюджеттің шамасы жетпейді. Қаржыландыру облыс тарапынан жасалуы тиіс. Егер өтінім мақұлданса, тұрғындардың ширек ғасыр күткен тілегі орындалмақ.

Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елнар Байділдә