Ақтөбеде саяжай тұрғындары үшін электр қуаты қымбаттайды

Бұған дейін қаланы жарықпен қамтитын мекеме тарифті шамамен 40 процентке көтеретінін айтқан.

Облыстық табиғи монополияларды реттеу департаментіне өтініш те жолдап үлгерген. Ал жергілікті билікпен кездескен бау-бақша иелері жаңа тарифке қарсы.   

Ақтөбеде электр энергиясы соңғы 8 айда екі мәрте қымбаттаған. Бұған дейін жеке тұлғалар 10 теңге 79 тиын төлеп келсе, былтыр қазан айында жарықтың құны 4 теңгеге өсті. Енді саяжай паналаған жұрт тарифтің тағы құбылмалы құнына наразы. Себебі киловатына 19 теңге төлеп жүрген олар енді 30 теңгені қалтамыз көтермейді, дейді.

Гүлзия Мағауина, "Тереңсай" саяжай ұжымының төрағасы:

- Жұма күні болған жиында тарифтің 38,8 процентке өсетіні айтылды. Былтырғы маусымнан бері 103 процентке қымбаттап тұр. Бұл біз үшін өте көп. Саяжайларда тұратын адамдардың дені әлеуметтік осал топтан. Мүгедектігі бар жандар, көпбалалы отбасылар көп. 

Электр қуатына саяжай тұрғындары өзге абоненттермен салыстырғанда біршама артық төлейді. Себебі көшедегі жарық шамдары мен желі бойында болатын шығынды өздері өтеуі тиіс. Сол себепті саяжай иелері бағаналар мен трансформаторды қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығына берілуін талап етеді.  

Дәурен Сафаров, "Автомобилист" саяжай ұжымының төрағасы:

- Саяжай бірлестіктерінде тариф желідегі электр қуатының шығынын, трансформатордың бос жүрісін, кассирдің жалақысын қосымша төлеу үшін қымбат. Бағанаға шығатын маманды шақыру қызметі кемінде 30 мың теңге тұрады. Мұның бәріне тұрғындар ай сайын ақша жинап отырады.

Электр желілері мен трансформаторлардың көбінде құжаты жоқ, дейді қалалық әкімдік өкілдері. Заңға сай рәсімделгеннен кейін жаңартылады.

Болат Серіков, қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- Көшелері тар, бағаналары барлығы аулаларында тұр. Ол алдағы уақытта біздерге күтіп ұстауға қиын болады. Авария болған кезде ол жерге шыға алмайды. Сол себепті оларды қайтып көшіру керек. Одан бөлек самострой дейтін бар. Өздері салған. Ол жерде ия дұрыс бағана жоқ, ия дұрыс линия жоқ бір-біріне жамап, кешегі боранның уақытында сөнулердің де көп жағдайы осы себептен болды ғой.

Электр қуатын тасымалдаушы мекеме бағаны өсіру туралы өтінішті Табиғи монополияларды реттеу департаментіне жолдаған. Құзырлы мекеме қолдаса, жаңа тариф 1 наурыздан бастап күшіне енеді. 

Рүстем Арыстанов, электр энергиясымен қамтушы мекеме директорының м.а:

- Бүгінгі таңда 28,20 болған болса, 39,16 теңгеге орта баға өсетіндігі туралы ұсыныс бердік. Оған себеп болып жатырған  бізге ток жеткізуші бірыңғай сатушының бағаны өсіруіне байланысты.

Облыс орталығының айналасында 420 саяжай ұжымы орналасқан. Олардың 30-ы ғана трансформатор мен электр желілерін коммуналдық қызмет меншігіне өткізген.

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков