Трансұлттық ұйымдасқан топтың жетекшісі экстрадицияланды

Трансұлттық ұйымдасқан топтың жетекшісі экстрадицияланды

Трансұлттық ұйымдасқан топты құрып, оны басқарды деген күдікпен Украина азаматы экстрадициялады.

Бүгін Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Қазақстанның Польшадағы Елшілігінің көмегімен Польша Республикасынан трансұлттық ұйымдасқан топты құрып және басқарды деген күдікпен қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Украина азаматын экстрадициялады. Ол 2022 жылы құрған қылмыстық топ Қазақстан аумағында аса ірі көлемде психотроптық заттарды өндірумен және сатумен айналысқан, – делінген Бас прокуратура таратқан ақпаратта.

Тәркіленген заңсыз заттардың көлемі 1 тоннадан астам, ал олардың заңсыз айналымдағы жалпы құны 1,5 млрд теңге.

Көрсетілген қылмыстарды жасағаннан кейін ұйымдасқан топ мүшелері ұсталды, ал оның жетекшісі жасырынып, оған халықаралық іздестіру жарияланған.

2023 жылдың тамыз айында күдікті Польша аумағында ұсталды.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша ол экстрадицияланып, қазіргі уақытта Астана қаласының тергеу изоляторына қамалды.

Айыпталған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, он бес жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру не өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.