БҚО-да калий тыңайтқышын өндіретін кешен салынады

Батыс Қазақстан облысында калий тыңайтқышын өндіретін, қуаттылығы 6 млн тонналық кешен салынады.

Елімізде алғаш пайда болатын жобамен Үкімет басшысы Олжас Бектенов өңірге сапары барысында танысты. Бүгінде мұндай тыңайтқыштарға орташа қажеттілік жылына 18 мың тоннаны құрайды. Зауытты 2035 жылға дейін кезең-кезеңмен іске қосу жоспарланып отыр. Жоба аясында 4 мың тұрақты жұмыс орны құрылады. Олжас Бектенов ішкі нарықты отандық ауылшаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету шараларын күшейтуді тапсырды. Үкімет басшысы Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстармен танысып, өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жайында баяндама тыңдады. Жылына 6 мың тоннадан астам қияр мен қызанақ өсіретін жылыжай кешенін аралап көрді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:

- Мемлекет басшысы ауылшаруашылығын дамытуды қолдайды. Биыл АӨК қолдау шаралары аясында 430 млрд теңге қарастырылды. Алайда Президенттің тапсырмасы бойынша біз бұл соманы екі есеге арттырамыз. Сондықтан бізде ауылшаруашылығы өндірісінің көлемін ұлғайту перспективасы жоғары, енді белсенді жұмыс істеу қажет. Мемлекет тарапынан қажетті көмек көрсетіледі.