Түркістан облысында агротехниканың 72 проценті тозған

Жиі қайталанатын құрғақшылық тағы бар. Осының бәрі шаруаға қолбайлау.

«Түркістан және Қызылорда облыстарындағы жағдай мүшкіл, құрғақшылық қауіпі аса жоғары. Соған қарамастан, осы аймақтарда тиісті жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ», - деп Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында өңірлердегі ахуалды сынға алған еді. Облыс басшыларына суды көп қажет ететін дақылдарды азайтып, құрғақшылыққа төзімдісін егуді тапсырды. Сондай-ақ, су үнемдейтін технологияны енгізіп, жағдайды жақсарту үшін батыл қадамға бару керектігін ескертті.

Шаруалалар қолдану мерзімі өтіп кеткен ескі техниканы пайдалануға мәжбүр. Жыл сайын облыс бойынша 5 пайызын ғана жаңарып отырады. «Шетелден келетін техниканың бағасы қымбат. Ордабасы ауданындағы шаруа қожалықтарына тиесілі техникалардың да дені тозып тұр. Оны жаңартуға қаржы жоқ»,-дейді шаруалар. Себебі былтырғы бидай өтпей қалған.

Қуаныш Серімбетов, шаруа қожалығының механизаторы:

- Мынау тракторды біз 15 жыл бұрын алғанбыз. Жаңартайық десек, темір бөлшектерінің бәрі қымбаттап кеткен. бұдан 3 жыл бұрын комбайн алғанбыз. Оны 100 млн-ға алдық. Оның несиесін әлі төлеп келе жатырмыз. Техниканы жаңартайық десек, өнімімізді сата алмай, бидаймыз, еккен арпамыз арзандау болып жатыр. Алатын адам да жоқ оны.

Бүгінде аймақтағы шаруа қожалықтарының 16 мыңнан аса техникасы, яғни 72 пайызының тозығы жеткен. Жыл сайын небәрі 5 пайыз техника жаңарады. Салдарынан тұтас сала ақсап тұр. Ал мамандар «ауыл шаруашылығы техникасын алуға берілетін субсидия көлемі жылдан жылға көбейіп жатыр» дейді.

Әлібек Плалов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Отандық ауыл шаруашылық техникаларын сатып алатын ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері болатын болса, 30%, ал шетелдік техникаларды алатын болса, онда мемлекет 25% субцидия төлейді. «Ауыл аманаты» бағдарламасының негізінде биылғы жылы 6-шы бағыты өз кәсібін ашу бойынша сатып алынған ауыл шаруашылығы техникаларын да қаржыландырамыз деп жоспарлап отырмыз.

Одан бөлек, өңірдегі жылыжай шаруашылығы да шатқаяқтап тұр. «Шығынымыз көп, көмір мен жарықтың бағасы қымбат. Жарықтың 1 квт-на 48 теңгеден төлейміз»,-дейді Шаруалар. Сондықтан мемлекет тарапынан берілетін субцидияны көбейтсе деген өтініштерін жеткізді.

Зайддин Юнусов, шаруа:

- Жылыжайды жетілдіру үшін қалтамыздан көмірге, жарыққа көп қаржы кетеді. Өзін-өзі қамтамасыз ете алмай отырмыз. Көмір жағамыз, оған субцидияны 20%-ға беріп жатырсыздар. Соны 50%-ға жеткізіп берсеңіздер. Энергияға да көмек берсеңіздер. Көмек болатын болса, біз кәдімгідей дамитын еді жылыжаймыз.

Мемлекет басшысы жиында агроөнеркәсіп кешеніне ауқымды реформа қажет деген еді. Жаңа технология енгізіп, жерді және басқа ресурстарды ұтымды пайдалану керектігін қадап айтты. Шаруаларға берілетін жеңілдіктер мен субсидиялардың тиімділігін арттыру қажет,-деді. Сонымен қатар су үнемдеу технологиясын кең ауқымда енгізңп, суды аз қажет ететін дақылдарға басымдық беруге шақырды.

Ермек Кенжеханұлы, облыс әкімінің орынбасары:

- 2022 жылы мақта алқабы 126 мың гектарды құрайтын болса, биыл қосымша 6 мың гектарға азайтып, 105 мың гектарға мақта егуді жоспарлап отырмыз. Бұл мақта алқабын азайту арқылы су тапшылығы мәселесін шешу жолы болып табылады. Бірінші кезекте біз жүгері алқабын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Сол себепті Мақтаараал, Шардара, Жетісай аудандарын жүгері дақылдарына көшіруге жұмыс істеп жатырмыз. Сонымен қатар жоңышқа егуді де қолға алып жатырмыз, оның да көлемін ұлғайтамыз.

Мемлекет басшысы инвестицияның тапшылығы  ауылшаруашылығы техникаларының тозып, егіннің бітік шықпауы мен еңбектің өнімсіздігіне әкеп соқтыратынын айтты. Сөйтіп жауаптыларға бұл салаға бөлінетін ақшаны екі есеге арттырып, екінші деңгейдегі банктерден қаражат тартуды тапсырды. Тапсырма жүзеге асса, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту жыл сайын 10 %-ға дейін жетіп, жалпы өнім көлемі 2 есеге артады деп күтілуде.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов