KazakhExport отандық өндірушілерді қолдайды

«KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» соңғы бір жылда отандық экспорттаушыларға 324 миллиард теңге көлемінде қолдау көрсеткен.

«Бұл рекордтық көрсеткіш»,- дейді мамандар. 

Тараздағы кондитерлік өнімдерді өндіретін «Сәуле» фабрикасы 2017 жылы жұмысын бастады. Кәсіпорын 150 тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жылына 4500 тонна тәтті өндіріп, 70-тен аса тауар түрін шығарады. Тауарларын еліміздің барлық аймағы мен Қытай, Грузия сынды әлемнің 6 еліне экспорттайды. Шет елмен сауда саттыққа «KazakhExport» ұлттық компаниясы қолдау көрсетуде.

Диас Шаухаров, «Сәуле» кондитерлік фабрикасының коммерциялық директоры:

- Сатып алушы компания бізге ақшасын төлемей кетсе, оны біз 80 пайызын «KazakhExport»-тан ала аламыз. Тауарды қарызға жіберу деген үлкен риск дейді ғой. Сондықтан сол риск бойынша бізге «KazakhExport» компаниясы секілді жәрдем беретін қызметтері өте тиімді.

Былтыр отандық өнім шығаратын 89 компания KazakhExport-тың қолдауына ие болды. Олардың 60 процентке жуығы шағын және орта бизнес өкілдері. Бұл кәсіпорындар тамақ және химия өнеркәсібі, машина жасау, агроөнеркәсіптік кешен, металлургия және басқа да салада жұмыс істейді.

Дәурен Нұранов, «KazakhExport» ЭСК» АҚ Сақтандыру департаментінің директоры:

- 2023 жылы KazakhExport 10 жылға мемлекеттен 129 миллиард теңге көлемінде кепілдік алды. Бұл отандық өндірушілерді қолдап, экспорт көлемін арттыруға мол мүмкіндік беріп отыр. Қазіргі таңда компаниямыз 650 миллиард теңгенің тауарын сақтандыра алады. 

«Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингіне қарасты «KazakhExport» ұлттық компаниясы бүгінде әлемнің көптеген елімен байланыс орнатқан.

Соның есебінен отандық тауар өндірушілер шетелдік нарыққа қиындықсыз шыға алады. Айта кетерлігі 2016 жылдан бастап бүгінге дейін ұлттық компания экспорттаушыларға 1,1 триллион теңге көлемінде қолдау көрсетті.

Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә

Сондай-ақ...