Елордада «Шекарасыз музыка» опералық-симфониялық концерті өтті

Үлкен сахнада Сергей Ролдугин, Павел Милюков сынды танымал музыканттармен қатар «Астана Операның» жетекші солистері өнер көрсетті.

Мерекелік кеш көпшілікке ерекше рухани демалыс сыйлады. Жанды тербетер жағымды әуендер үлкен-кішінің бірдей көңілінен шықты.

Музыкалық кеш Қазақстан мен Ресейдің мәдениет министрліктерінің ұйымдастыруымен өтті. Көрермен бір сәт оркестердің мың құбылған иірімді, ерекше әуеніне шабыттанса, бірде нәзік те мөлдір лирикаға бөлене түсті. Ресейдің әйгілі виолончелисті Сергей Ролдугин үшін бұл қазақ сахнасында осымен үшінші рет өнер көрсетуі. Скрипкашы Павел Милюковтің Астана операдағы дебюті де жиналғандарды тәнті етті.

Абзал Мұхитдин, «Астана Операның» театрының дирижері:

- Кез келген туындыны көрермен назарына ұсыну үшін тыңғылықты дайындық қажет. Кей шығармалар 2-3 минут болса, басқалары 20 минут болуы мүмкін. Мәселен, Чайковсковскийдің «Рококо» туындысы. Ал Шостаковичтің скрипкалы концерті 40 минутты құрайды. Сондықтан, әнді сезіне білу де үлкен өнер дер едім.

Симфониялық әуен көрерменді тылсым да тұңғиық әлемге жетеледі. Өнердің шексіз де, шетсіз құдіреті сиқырлы сазымен баурап, сезім тұңғиығына бойлатады.

Әдемі кеште өнерсүйер қауымға етене таныс туындылар орындалды. Сахнадан Тілес Қажығалиевтың «Қыз қуу» симфониялық күйі, «Япурай» қазақ халық әні әуеледі. Чайковсковский, Шостаковичтің әйгілі шығармалары да залды сиқырлы сазымен баурап алды.

Михаил Швыдкой, РФ Президентінің халықаралық мәдени байланыс жөніндегі өкілі:

- Биыл Астана Операның Мәскеуде болатын гастрольдарын ұйымдастыру бағытында бірлесе жұмыс істейміз. Концерттер Үлкен театрдың сахнасында өтеді деп жоспарланған. Сондай-ақ, қазақстандық суретшілердің Третьяков галереясында көрмесі өтеді. Ал Алматыда мамыр айында Еуразиялық кинофестиваль өтеді. Оған ресейлік кинематографтар да қатысады.

«Шекарасыз музыка» еліміздің мәдени өміріндегі елеулі оқиға болды. Белгілі өнер иелерінің орындауындағы шығармалар елордалық тыңдарманның жүрегін жаулап, көрерменге ұмытылмас әсер қалдырды.