Алматы облысындағы бірнеше ауылдық округ пен ауыл атауы өзгерді

Бұдан былай Іле ауданындағы Энергетический ауылдық округі Өтеген батыр, ал Покровка Кенен Әзірбаев ауылы болып аталады.

Ал Чапаев ауылдық округі мен ауылына Байкент ауылдық округі және ауылы деген жаңа атау берілді. Кеген ауданындағы Жалаңаш ауылына Жалағаш деген тарихи атауы кері қайтарылды. Жергілікті тұрғындар бұл жаңалықты қалай қабылдады?

Ардақ Айбарұлы, тілші:

«Жалаңаш емес, Жалағаш менің ауылым,

Толағай таулар толғатып тапқан тау ұлын.

Таулардай төзем табиғи тосын жайларға,

Тасын да сүйем, самалын, ыстық жауынын.

Тәңірім қалай жаратты екен өлкемді,

Қонақ боп келіп, бағасын берші, бауырым», деп біздің замандасымыз Мақсат Ережеп ақын жырлағандай, бұл ауылдың тарихи атауы Жалағаш. Мына менің артымдағы Жалаңаш атауы кейін жабысқан. Өкініштісі, біз сол атаудан ұзақ жылдар бойы арыла алмай келдік.

Қазақтан шыққан тұңғыш саяхатшы, этнограф ғалым Шоқан Уәлиханов өзінің атақты Ыстықкөл сапарында, яғни, 1856 жылдың 17 наурыз күні Торайғыр тауының солтүстік жағына келіп қонды деген тарихи дерек бар. Ғалым Торайғыр мен Үш Меркі тауларына қарап, «ойпырмай, мына таулардың арасындағы кең жазықта бір тал бұта немесе ағаш көрінбейді», деп, таңданысын білдіреді. Тарихшылар бұл өлкенің Жалаңаш атануына осы пікір әсер етті деген ұстанымда. Ал ауыл тұрғындары болса, оның басқа себебі бар деп есептейді.

 

Бақыт Жанқабылов, ауыл тұрғыны:

- Бұл 1905 жылы құрылған жер ғой Жалағаш болып. Кейін орыс империясының кезінде орыстардың тілі келмей, Жаланаш, Жаланаш, Жаланаш деп, сонымен бұл Жалаңаш болып кеткен. Кейін мына осы көпшілік кітаптан жазғандар, бұрынғы академиктер, профессорлар тарихқа үңіліп, мына тарихтан жазған екен мұның аты Жалағаш деп. Сонымен бұл Жалағаш болып аталды осы міне. Өзінің бұрынғы атауы қайтарылғанына қуаныштымын.

 

Дастан Әлиев, тарихшы:

- Тілі келмейтін келімсектер, яғни, қара шекпенділер дейміз ғой, осы қара шекпенділердің Жалағашқа тілі келмей, Жаланаш деп атап кеткен дейді. Бұл енді орфографиялық кез келген жағдаймен қисынға келмейді. Егер орыстардың тілі келмейтін болса, олар Жалагач деп атауы да мүмкін еді.

Тарихшының пікірінше, бұл жер 18 ғасырда-ақ Жалағаш деп аталған. Өйткені ауылға қай бағытынан қарасаң да тауда жал-жал болып өскен қарағайларды көресіз.

 

Әріп Сыбанбаев, ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы:

- Патша үкіметінің кезінде орыстардың тілі келмей, мұны Жалаңаш деп кеткен ғой. Негізі мына табиғатын көріп тұрсыздар, жал-жал ағаш. Жаз кезінде келсеңіздер керемет бір әсем жерге кіріп кеткендей боласыздар бақшаның ішіне.

Осы ауылдың аузы дуалы ақсақалы, Қызырдың өзіндей, көненің көзіндей болған Әріп атамыз ауылға тарихи атауының қайтарылуын Алаштың азаттығымен келген үлкен жетістікке балайды. Қария осы іске атсалысқан азаматтарға алғысын айтып, ақ батасын берді. Алматы облыстық мәслихатының бірлескен шешімі мен облыс әкімдігінің қаулысы алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күннен соң, яғни 2024 жылдың 24 ақпанында күшіне енді.

Қуаныш Рысбеков, Жалағаш ауылдық округі әкімдігінің бас маманы:

- Жалаңаш ауылдық округіне қатысты мекемелер бар, коммуналдық мекемелер бар, барлығының атаулары өзгертіледі шетінен. Заңға сәйкес жарғылары өзгертіледі, ережелері өзгертіледі. Сонымен қатар ауылдың кіре берісіндегі ауылдың атауы жазылған табличкаларға «Қазавтожолға» хат жолданды.

Облыстық ономастика комиссиясының қорытындысына сәйкес, ауылдық округтер мен ауыл атауларын өзгерту туралы шешімді қабылдау барысында жергілікті тұрғындардың пікірі ескерілгенін айта кетейік. Мәселен, Жалаңашқа Жалағаш атауын қайтаруды халықтың 80 пайызы қолдаған. Қалған бөлігі қарсылық білдірген. Қалыс қалғандары да бар. Көпшілік дауыспен Іле ауданындағы Междуреченск ауылы – Ақсай, ал Казцик – Асқар Тоқпанов ауылы болып өзгертілді. Талғар ауданындағы Қызыл-Ту-4 ауылына Жібек жолы деген жаңа атау берілді.

Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов