Көкшетаудағы жылуы мардымсыз мектеп

Көкшетауда бір мыңнан астам оқушы азынаған сыныпта оқуға мәжбүр.

Себебі білім ошағында жылу мардымсыз. «Балаларымыз апта сайын ауырады», - дейді ата-аналар. Ал мектеп басшылығы жылу желілерінің тозғанын алға тартады.

Бұл қаладағы №19 мектеп. Бірнеше сыныптағы жағдай осындай. Салдарынан суыққа тоңған балалар жиі сырқаттанып қалады.

Тұрсын Сыздықова, қала тұрғыны:

- Бүгін естіп жатырмын баламның аузынан. Оған дейін жөтеліп, ауыра беретін. Салқынын біз білмейтінбіз. Бұл жөтелді де, тамағы ауырып. Медсестрадан сұрасаңыз да айтады.

Инна Хачатрян, қала тұрғыны:

- Мектебіміз қатты суып кетті. Менің екі қызым осында оқиды. Қазір көп сырқаттанып қалады. Тіпті апталап, айлап сабаққа бармайтын кездері болады.

Мектеп әкімшілігі білім ошағының ескіріп, жылу жүйелерінің тозғанын жасырмайды. Әсіресе, күн күрт салқындаса төменгі қабаттағы сыныптар азынап кетеді.

Шынар Мұхаметқалиева, мектеп директорының орынбасары:

- Батарейлар ескі болғасын үшінші, төртінші қабаттағы саздары астына түседі. Сол себепті астында бір-екі кабинет бар. Биыл мен соған смета жасадым. Енді жаздыкүні соларды  механический чистка жасаймыз. Қазір суық екі кабинет қана бар. Онда 15 градус.

Ата-аналардың базынасын жылу таратушы кәсіпорынға да жеткіздік. Олар бар кінәні мектепке жауып отыр. Себебі жылу жүйелері уақытында тазаланбаған. Қазір қала бойынша осы мектепте ғана жылу қысымы төмен.

Талап Егінбаев, «Көкшетау жылу» кәсіпорнының жылу желілерін басқарушы:

- Біз жылуды барлық мектепке бірдей береміз. Былтырда бірнеше білім беру ұйымында осындай жағдай болған. Тексерулер жүргізіп, олқылықтарды реттедік. Енді осы мектепті назарға аламыз.

Осылайша, білім ошағындағы ауа температурасының қашан қалыпқа келетінін ешкім дөп басып айта алмайды. Мәселе шешілгенге дейін оқушылар жылы сынып іздеп, бой жылытуға мәжбүр. Осы күндері Көкшетауда ауа температурасы минус 10 градусқа да жетпейді. Ал күн күрт суытса, жағдай одан бетер қиындай түсері айтпаса да белгілі.

Авторлары: Абзал Балтабаев, Виктор Полянный