Оралда инватакси қызметі талапқа сай емес

Прокурорлар осындай шешімге келді.

Құзырлы орган өкілдері қызмет көрсетуші мекеменің жүріс-мініс уақыты мен барыс-келіс санын артығымен жазып келгенін анықтады. Осылайша жалған акт толтырып бюджеттен қыруар ақша алған. Биыл мүгедектігі бар жандар тасымалына 179 миллион теңге бөлінді. Бірақ одан қызмет сапасы артқан жоқ, дейді тұрғындар.    

Оралда мүгедектігі бар жандардың инватакси қызметіне көңілі толмайды. Көліктердің ұсынатын қызметі сапасына сай емес. 

Гүлмира Батпақұлова, қоғамдық бірлестік төрағасы: 

- Бірнеше жыл өтті тасымалдаушы мекеме әлі өзгерген жоқ. Байқаулар өткізіліп, қызмет көрсету сапасын көтеру жөнінде ұсыныс айтып жатырмыз. Ешкім назар аудармайды. Алдында кауіпсіздік белбеуі болмағандықтан көлік ішінде айналып, денсаулығыма нұқсан келді.

Анаргүл Бужанова, қала тұрғыны: 

- Баратын жерге барып аламыз да кері қайтуға такси табылмай қалады. Ұстайтын темірлері жоқ газельдің ішінде. Кез келген уақытта тежегіш басса мен орындыққа жабысып отырамын. Әйтпесе ұшып кетемін газель ішінде. Тіреуіштер мен арқа сүйейтіндер жоқ. 

Қала бойынша инватакси қызметін 700-ден астам адам пайдаланады. Ерекше күтімді қажет ететін жандар арнайы көліктермен жұмысқа, ем-дом алуға барып келеді. Мемлекеттік тапсырысты орындайтын мекеме үстінен шағымдар көбейгендіктен қалалық прокуратура тексеріс жүргізді. Құзырлы орган өкілдері акт бойынша көрсетілген қызметтердің шындыққа жанаспайтынын анықтады. 

Мейірхан Ізімов, қала прокуроры:

- Мүгедектерді автомобильмен тасымалдау қызметін көрсету барысында 50 млн тг астам қаржыны талан-таражға салу фактісі анықталды. Атап айтқанда осы қызметті көрсететін тұлға қызмет сағаттарын және қызмет алған адам санын асыра көрсетіп, жалған фактілерді ұсынып, бюджет қаржысын жымқырған.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі прокурорлардың шешіміне қарсы. «2019 жылдан бері қызмет көрсететін мекеменің 48 көлігі бар. Оның 9-ы арба көтергіш құрылғымен жабдықталған. Әрбір жолаушы мен бағыт қадағаланады», - дейді әкімдік өкілдері. 

Алтын Байғұтова, Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары:

- Диспетчерлік қызмет әр айдың соңында атқарылған жұмыстың есеп-қисабын жіберіп отырады. Олар СМАРТ-қала платформасы бойынша келісімшартқа отырған. Заңбұзушылықты прокуратура анықтап отыр. Біздің тараптан қарсы хат жазылады. Қазір айыптау хатымен танысып жатырмыз. Кейбір анықтамалардың жарамсыз екенін дәлелдеп береміз.

Зәуре Мосқалбаева, Smart Qala Oral директоры:

- Смарт-қала жүйесі тәулік бойы жұмыс істейді. Біз барлық шақыртуды тіркейміз. Әр көліктің жүру бағыты онлайн режимде бақыланады. Бәрі ашық. Диспетчердің бағдарламаға енгізген мәліметтері де толық қадағаланады. Ақпараттар жиынтығы 15 жылға дейін сақталады.

Прокурорлардың тексеріс қорытындысы әрі қарай экономикалық тергеу департаментіне жолданды.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Альбина Құмарғалиева, Ербол Меңдіғалиев, Эльдар Аюпов