Еліміздің ауыл шаруашылығы саласында техника жетіспейді

Ескі трактор, комбайндармен мол өнім алу мүмкін емес.

Алматыда бас қосқан инженерлер мен ауылшаруашылығы саласының мамандары осылай дейді. Жаңа технологияларды енгізуді жеделдету үшін әуелі маман даярлауды күшейткен жөн. Ғылыми техникалық-инженерлік корпус шетелден әкелінген роботтар мен автоматты құрылғыларды әуелі бейімдеп, әрі қарай дамытуға атсалысады. Яғни осы саладағы озық технологияны елімізде өндіру, құрастыру аса маңызды. Мысалы, Қытай фермерлері дрондарды пайдалану арқылы шегіртке сынды зиянкестермен күресті тиімді жүргізіп отыр. Ал Еуропа елдерінде тамшылатып суару сынды технология кеңінен дамыған.

Амандық Төлешов, Ұлттық инженерлік академиясының вице-президенті:

- Көп елде көп нәрсе дамып кетті ғой. Соны дұрыстап пайдалануымыз керек. Оны басынан бастап өзіміз жасаймыз деген болмайды. Себебі біз біріншіден оны меңгеруіміз керек, әрі қарай дамытуымыз керек деп ойлаймын. Соған байланысты кадр дайындап, ары қарай технологияны жетілдіруіміз керек. 

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр қыркүйектегі жолдауында ауылшаруашылығына түбегейлі өзгеріс қажет екенін, техниканың 80%-і тозып тұрғанын айтқан болатын.