Ақтөбе облысында 36 елді мекенді су басу қаупі бар

Бұл ауылдарды құтқарушылар мен азаматтық қорғаныс қызметкерлері тәулік бойы бақылауда ұстап отыр, деп хабарлайды 24KZ.

Биыл тоң қалың, қыста жауған жаңбыр мұздаққа айналды, – дейді мамандар. Салдарынан қар суы жерге сіңбей, сай-саланы толтыруы әбден мүмін. Жауапты органдар көктемгі су тасқынына дайын ба?.

Боранды күндері жүздеген көлік иіріліп тұрған Ақтөбе-Хромтау тасжолында қазір қарды тазалап жатыр. Жұмысшылар қызылсу жүретін арналарды аршып, өткелдерді тазартуға кіріскен. Былтыр Қобда ауданында тасқын су жолды жырып, ауылды басып қалған еді.

Айбол Данағұл, «ҚазАвтоЖол» ҰК Ақтөбе облыстық филиалының директоры:

- Қобда ауылы ішіндегі су тасқыны кезіндегі асфальт жамылғысын жолын жырып, су өткізген болатынбыз. Ол жерде да екі сақиналы, метрлік су құбыры орналастырылып, толығымен аяқталды.

Көктемгі су тасқынының алдын алуға Төтенше жағдайлар департаменті мыңдаған құтқарушы мен 350 арнайы техника дайындады. Ауылдарды су баса қалса, 15 мыңнан астам адам сыятын қабылдау пункттерін ұйымдастырды. Мамандар қазір синоптиктермен бірге елді мекендерді аралап, қардың қалыңдығы мен топан су басу қаупі бар учаскелерді тексеріп жүр.

Саид Молдақараев, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

- Жылда атқарылып жатқан іс-шаралардың арқасында қазіргі таңда 11 елді мекеннен қауіп толық жойылды. 10 елді мекенде барынша азайтылды. 15 елді мекенде әлі сақталып тұр. Биылғы атқарылған жұмыстардан кейін осы 15 елді мекенде егер қауіп азаятын болса, оларды да осы тізімнен алып тастайтын боламыз.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Еріген қар суы былтыр облыс орталығындағы «Алтын Орда» шағын ауданы тұрғындарын да әбігерге салған еді. Қоқыс пен қарға толы арықтардан асқан су көпқабатты үйлердің ауласын басып, көшелерге жайылды. Мұны ескерген билік биыл ақпанның ақтүтек бораны басыла сала қар шығаруға кірісті. Бүгінге дейін 300 мың текше метрі полигонға жеткізілген.

Синоптиктер қардың қашан ери бастайтынын нақты айта алмайды. Алайда қардың астындағы қалың мұздан қызылсудың тез сіңіп кетуі қиын, – дейді олар.

Галина Станкевич, инженер-гидролог:

- Қардың қалыңдығы былтырмен салыстырғанда айтарлықтай аз болғанымен, өте тығыз. Кейбір аудандарда сынама алудың өзі оңай болмады. Себебі қар астында бірнеше қабат мұз да бар. Егер ауа райы былтырғыдай күрт жылыса, еріген қар суы сіңбей, өзен-көлдерге ағады.

Ақтөбе облысында қардың қашан ери бастайтыны наурыздың алғашқы күндері белгілі болады. Дегенмен синоптиктер: «өңірдің кей аудандарында көктемнің алғашқы күндерінде-ақ сынап бағанасы нөлден жоғары болады», – деп болжайды. Сондықтан тұрғындар мен жауапты қызмет өкілдері төтенше жағдайға дайын болу тиіс, – дейді мамандар.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков.