Уақытты бір сағатқа жылжытудан жолаушылар кешікпей ме?

Ертең түнде, яғни ақпанның 29-нан наурыздың біріне қараған түні сағат ауысады.

Ел бойынша бірыңғай бесінші уақыт белдеуі енгізіледі. Сол себепті 1 наурыздан пойыз не ұшақпен сапарға шығатын болсаңыз, қаперіңізде болсын.

Себебі билетіңіздегі уақыт пен таблодағы уақытта айырмашылық болуы мүмкін. Немесе жаңа уақыт белдеуіне ілеспеген қолсағатыңыз жолдан қалдыруы ғажап емес. 

Бірыңғай уақыт белдеуі енгізілетін шақта жолаушылар тасымалына жауапты компаниялардың дайындығы қызу. Бұл мезгілде жолаушылар да сергек болуға тиіс. Уақыты өзгеретін аймақтарға теміржол арқылы қатынайтын болсаңыз, қолыңыздағы сағат пен гаджеттердің туралығына мән берген жөн. 

Сара Сахынбек, "Жолаушылар тасымалы" АҚ баспасөз қызметінің өкілі:

"Жолаушылар пойыздарының қозғалыс кестесі Қазақстан Республикасында енгізілген бірыңғай уақыт белдеуіне сәйкес жаңартылған. Наурыз айында пойыздар жаңа кесте бойынша жүреді. Бұл билеттерде де ескерілген. Ең бастысы жолаушылар өздерінің сағаттарын бірыңғай уақыт белдеуіне сәйкес ауыстыруы керек. 2024 жылдың 29 ақпанынан 1 наурызына қараған түні билет сатып алған жолаушыларға пойыздардың жөнелту уақытындағы өзгерістер туралы SMS хабарламалар жіберіледі."

Сұрақ туындаған жағдайда 1433 телефон нөміріне қоңырау шалуға болады. Көлік министрлігі берген тапсырмаға сәйкес, әуе компаниялары да уақытылы қамданып, билет сату жүйелеріне өзгеріс енгізді. Жолаушыларға барлық платформаларда хабарланып жатыр. Уақыт айырмасы бір сағат болса да жайбасарлық пен салғырттыққа салынбау қажет. 

Тойгүл Жұбанысова, Астана халықаралық әуежайының ресми өкілі:

"Рейстерге айтарлықтай өзгеріс енбейді. Басым бөлігі бір сағат артқа жылжиды. Жолаушылар өз рейсінен қалып қоймау үшін авиакомпанияларға хабарласып, нақты уақытын білу керек. Және тіркеу қай кезде аяқталады, ұшаққа отырғызу қай кезде басталады және аяқталады деген негізгі ақпараттарды авиакомпаниялардың колл-центрлерінен нақтылап алуына болады. Және әуежайға бұрын бір-екі сағат ерте келуді ұсынатын болсақ, осы алғашқы күндері үш сағат не одан да көп, ертерек келуін сұраймыз." 

24 сағат дамылсыз қызмет көрсететін әуежай қызметкерлері уақыт белдеуі ауысқанда 1 сағат артық жұмыс істейтін болады. Бұл күні жолаушы да бір сағат әдеттегіден ерте келсе болды.

Ердана Ержанұлы, Ернар Жақсыбаев