Көктемгі әскерге шақыру науқаны басталды

Алдағы көктемде Түркістан облысынан 2400 азамат әскер қатарына шақырылады.

Бұл туралы Түркістан облысы Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары хабарлады. Жандос Күлдербаевтың айтуынша, қазір әскери сала да сандық жүйеге көшірілген. Бұрынғыдай 18 жасқа толған азаматтың үйіне әскерге шақырту қағазы жіберілмейді. Барлығы азаматтарға арналған электрондық үкімет порталы арқылы жүзеге асырылады. Әскери тәртіпке сәйкес, шақырту алған әрбір азамат тұрғылықты жері бойынша әскери басқару органдарына барып, медициналық және психологиялық тексеруден өтуге міндетті.

Жандос Күлдербаев, облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары:

- Бала 18-ге толды ма, автоматты түрде көктемгі күзгі шақырту бойынша СМС хабарлама келеді. Сол СМС хабарламаға мән бермей, басқарма, бөлімдерге бармаған жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық бабы бар. Егер онда да келмеген жағдайда ҚК арнайы «әскерден жалтару» бабы бар, сол заң бойынша әрбір азамат қудаланатын болады.