Квазимемлекеттік компанияларда жемқорлыққа қарсы күрес күшейтіледі

Квазимемлекеттік компаниялардағы сыбайлас жемқорлықпен күрес енді бұрынғыдан да күшейтіледі, деп хабарлайды 24KZ. Оған біліктілігін арттырған комплаенс офицерлері үлес қоспақ. Осы орайда бүгін 300-ден аса маман Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында өтіп жатқан республикалық семинарға қатысты. 2 күндік шарада сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сарапшылары мен еліміздің тәжірибелі комплаенс офицерлері бар білгенімен бөліседі. Тікелей жоғары басшылыққа ғана бағынатын мамандар тиімді мониторинг жүргізу мен ұйымдағы қызметтік тергеулерді ұйымдастыру бойынша біліктілігін арттырып, әлемдік және ұлттық стандарттар мен кейстерді талдайды.

Мирас Қарғабай, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Превенция қызметінің басқарма басшысы:

- Шығыс Қазақстан облысында 300 млн теңгеге интернет сатып алуды жоспарлаған. Іс жүзінде мониторинг жүргізу арқылы, нарықтық бағаны зерттеу арқылы бағаның негізсіз екені анықталды. Ұсыныс жібергеннен кейін бізге жауап береді. Иә, расымен ол 300 млн емес, бағасын 3 млн-ға түсіре алатын қабілетіміз бар. Қазіргі таңда елімізде 6 мыңға жуық ұйым бар. Бұл ұйымдардың басты мақсаты – ұлттық компаниялардан бастап барлық мемлекетке бағынысты ұйымдарда жемқорлық фактілерін болдырмау, алдын алу, жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша жүйелі жұмысты жүргізу.