Бизнес нысандарын тексеру 2,5 есе қысқарады

Бүгін Сенат депутаттары кәсіпкерлікке қатысты заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, Мәжіліске кері қайтарды.

Алдағы уақытта құжат бекітілсе, бизнес нысандарын тексеру 2,5 есе қысқарады. Мәселен, 2019 жылы мораторий енгізілгенге дейін 120 мыңға жуық тексеру жүргізілген. Бұдан былай жыл сайынғы тексерулер саны 45-50 мыңға дейін азаюы мүмкін. Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықовтың айтуынша, осы күнге дейін шамамен 3 мың нормативтік құқықтық акт қаралып, кәсіп иелеріне қойылған 128 мың талаптың 10 мыңы бизнес жүргізуге кедергі келтіретіні анықталған.

Тимур Жақсылықов, ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі:

- Кәсіп иелерін тексеруге арналған мораторий 3 жыл күшінде болды. Өткен жылы 31 желтоқсанда аяқталды. Мораторийдің тоқтағанына 2 ай болса да, шағымданып жатқан кәсіпкер жоқ десек болады. Былтыр тәуекелдерді басқару жүйесін автоматтандыру бойынша біраз шаруа атқардық. Бұдан былай заңға бағынатын кәсіпкерлердің бизнесі қайта-қайта тексеріле бермейді. Заңды бірнеше мәрте белден басқандарға ғана талап күшейтіледі.