Қарағанды облысында лицензиясыз компаниялар үй салған

Қарағанды облысында тиісті құжаттары болмаса да көп қабатты үй салған мердігерлерге айыппұл салынды.

Енді олардың әрқайсысы мемлекет бюджетіне бір миллион тенгеден артық қаржы құюы тиіс. Сот үлескерлердің қаржысын құрылыс жұмыстарына заңсыз пайдаланғаны үшін 13 компанияға қатысты осындай шешім шығарды. Олардың 9-ында тіпті үй салуға рұқсат құжаттары мүлде болмаған. Енді баспананы заңсыз салып жатқан компаниялардың тізімі әлеуметтік желілерде тұрақты түрде жарияланып тұрмақ. Сол арқылы мемлекеттік инспекторлар үй алуға ниетті жандарды хабардар етіп отырғанды жөн көрген.

Еске салсақ, жақында сот тағы бір компанияға салынған үйді бұзу туралы үкім шығарған. Ал оның кей тұрғындары тіпті жөндеу жұмыстарын жасап үлгірген. Ол кезде үлескерлер ақпараттың жоқтығынан осындай олқылыққа ұрындық деген болатын.

Әділет Ақышев, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бас маманы:

- Қазіргі таңда Қарағанды облысы бойынша 15 құрылыс салушы заңсыз үлескерлердің ақшасын тартқаны үшін, соттың шешімімен айыппұл салынды. Рұқсат қағаздары болу керек, үлескерлердің ақшасын тарту үшін бірақ бұл компаниялардың ешқайсысында бұл қағаздар жоқ, сондықтан біз оларға айыппұл салдық.