Киберқылмыскер құрығына ілігетіндер көбейіп барады

Елде киберқылмыскерлердің құрығына ілінетіндер саны артып барады.

Жыл басынан азаматтардың жеке қосымшалары мен парақшаларына 4 мыңнан астам шабуыл жасалған. Ғаламтордағы осындай құйтұрқы әркеттерден дербес деректер жария болып жатыр. Қарызға батқандар да көп. Мамандар осыған қатысты киберқауіпсіздік мәселесін жіті бақылауға алу қажет деп отыр. Азаматтар қарапайым қауіпсіздік шараларын да ұмытпағандары жөн.

Сәбит Рысбаев кибершабуылға ұшырағандардың бірі. Апта бұрын белгісіз біреулер әлеуметтік желіде жеке қосымшасын бұғаттап, мыңға жуық танысына сілтеме жолдаған. Алаяқтардың айласы жүзеге асса, дербес деректер қолды болатын еді. 

Сәбит Рысбаев, қала тұрғыны:

- Шамамен 2 мың контактымның 998-і мен ашқан группаға кіріп кетіпті. Мен ашпағанмын ғой менің атымнан ашылған группаға. Қазіргі уақытта классикалық әдіс сенің суретіңді қойып, басқа таныстардан қарызға ақша сұрау 100 мың, 200 мың теңге деген секілді. Сондай қорқыныш болды. Екіншіден конфиденциалды дүниелерді шығарып жібере ме деген қорқыныш болды.

Қала тұрғыны отандық интернет қосымшаларын жетілдіріп, санын көбейту қажет деп есептейді. Сол кезде киберқылмыскерлерді ұстау жеңілдейді. Тығырыққа тірелгенде шетелдік қосымшалардың операторларынан тиістә жауап алу ұзақ уақытқа созылады. Бұл алақтар үшін тиімді. Заңгерлер түрлі келеңсіз жағдайға тап болмас үшін құқықтық сауаттылықты арттыру қажет деп отыр.

Жандос Тұяқов, заңгер:

- Заңдардың барлығы бар. Бірақ та соларды заң бұзушыларды анықтайтын органдардың жұмыс жасамауынан болады. Екінші фактор біз қарапайым халық Банктен звондаған кезде олардың алаяқ екеніне кезіміз жетсе, телефонды қоя саламыз. Хабарласпа деп айта саламыз. Мұндай кезде әрбір азамат арызбен полицияға жүгінуі керек.

Интернет алаяқтарды анықтау оңай шаруа емес. Олар өздерінің құйтұрқы әркеттерін әлемнің кез келген жерінде жүзеге асыра алады. Былтыр 34 мыңнан астам қазақстандық киберқылмыскерлердің құрбаны болған. Биыл қаңтар айының өзінде 4200 шабуыл тіркелді.

Ырысты Жәлілханова, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі комитетінің бас сарапшысы:

- Заңның шеңберінде бірнеше түзетулер бар. Яғни нақты кибер қауіпсіздікке бағытталған. Институт ретінде хакерлер институтын заңнамалық бекіту, ақпараттық қауіпсіздікті зерттеушілер болып табылады. Белгілі бір компанияда дербес деректердің заңсыз жайылған жайы болса, онда олар міндетті түрде министрлікті хабардар ету керек болады.

Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, адамның дербес деректерін ұрлауға бағытталған 400 ден астам вирустық қосымша жойылды. Зиянды сілтімелер арқылы 3 мыңға жуық адам зардап шеккен. Сала мамандары алаяқтық туралы түрлі ескертпелерге құлақ асып, қауіпсіздік шараларын қатаң ұстауға кеңес береді.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Жандос Битабаров, Бағдат Қайыркен