Шымкентте 100-ден астам этнос өкілі тұрады

Кезінде тағдыр айдап, Қазақстанға қоныс аударғандар қазіргі тұрмысына риза.

Бірлік бар жерде береке бар, – дейді корейлер.

Әлеуметтік желіде тараған мына бейнежазбада шымкенттік корейлер шығыстың жаңа жылын тойлау кезінде Әнұранды шырқап тұр. Баладан бастап, қарияға дейін қолын жүрек тұсына қойып, бар ынтасымен әндетті. Шымкенттік корейлер әр мерекені осылай қарсы алады. Корей ардагерлер кеңесінің жетекшісі Роза Пактың айтуынша, елге құрмет көрсету – парыз. Әсіресе Алғыс айту мерекесін тойлауды дәстүрге айналдырған. Корейлер Қазақстанға 1937 жылы жер аударылған. Сол кезде қазақ халқы қолында барымен бөлісіп, барынша қамқор болды, – дейді.

Роза Пак, Ардагерлер кеңесінің жетекшісі:

- Қиын-қыстау кезінде қазақ халқы өзі қиналып тұрғанда корей халқымен нанмен, сумен бөлісіп, біз корей халқы Қазақстанда аман қалдық. Қазір 6-шы ұрпақтарымыз өмір сүріп жатыр. Қай жақта жүрсе де, «Қазақстан – менің Отаным», – деп мақтан тұтамыз.