Зейнет жасындағы ерікті

Көкшетаулық зейнеткер Людмила Хаврушина ерікті болып, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектеседі.

Жетпістің бесеуіне келсе де үйлерді аралап, қарт адамдардың дәрі-дәрмектерін жеткізеді. Қараусыз қалған жандардың тамақтарын да әзірлеп береді. Ал осы қызметі үшін ол бір тиын да алмайды. «Тек халықтың алғысы жеткілікті»,-дейді. Зейнеткер қоғамдық жұмыстарға да белсенді. Түрлі шараларға қатысып өз өнерін көрсетеді. Людмила Хаврушиның отбасы 1942 жылы елге қоныс аударған. Міне содан бері жергілікті жұртпен біте қайнасып күн кешіп келеді. Қазір аймақта 50-ден астам этнос өкілі тұрады. 19 этномәдени бірлестік жұмыс істейді.

Людмила Хаврушина, облыстық аналар кеңесінің мүшесі:

- Шынында қиын қыстау кезінде Қазақстанға көптеген ұл өкілдері қоныс аударды. Оның ішінде неміс, поляк, болғар ұлты көп болды. Мен бұл мәліметті архивтерді ақтара отырып, анықтадым. Біздің әулетіміз осы облыс орталығының іргесіндегі бір ауылға қоныстанды. Сол кезде бізді жатсынбай, баурына басқан қазақ халқына, жергілікті жұртқа үлкен алғысымды айтамын.