Оралда 5 апатты үйдің орнына жаңасы салынады

Биыл Орал қаласында 5 апатты үй бұзылады, деп хабарлайды 24KZ.

Орнына инвесторлар жаңасын тұрғызады.

Шаһарда мұндай жұмыстар осыған дейін де атқарылған. Реновация бағдарламасы аясында кейінгі жылдары көпқабатты 16 үй пайдалануға берілді.

Оралдағы апатты үйлердің дені қаланың тарихи орталығында орын тепкен. Мысалы, Ғұмар Қараш көшесіндегі мына үйлерде әлі де адамдар тұрып жатыр. Әрине, мұндай ескі үйлерді ешкімнің сатып алғысы жоқ. Ал жаңа үйге көшуге шамамыз жетпейді, – деген тұрғындар жергілікті биліктен көмек сұрайды.

Аида Айдабұлова, қала тұрғыны:

- Бұл үйлер әбден ескірген. Сондықтан оны сүріп тастағаннан басқа жол жоқ. Қабырғалары қақырап тұр. Әжетхананың өзі сыртта орналасқан. Осы үйде 10 жылдан астам уақыт тұрып жатырмыз.

Облыс орталығында осындай 50 шақты үй бар. 2015 жылдан бастап оларды бұзып тастап, орнына жаңа үйлер салу жұмыстары жүріп жатыр. Реновация бағдарламасы шеңберінде ескі үйдің иесіне дәл сондай көлемде жаңа баспана беріледі.

Людмила Ундакова, құрылыс компаниясының инженері:

- Бүгінге дейін біздің компания 16 пәтерлік 9 екіқабатты үйді бұзып, орнына жаңасын тұрғызды. Тұрғындарға жаңа пәтерлер берілді. Мемлекет өз тарапынан инженерлік желілер жүргізіп береді. Жер теліміне қатысты да солай. 

Өткен 8 жылда апатты деп танылған 32 үй сүрілді. Оның орнына жаңадан көпқабатты 16 үй салынды. Мамандардың айтуынша, тұрғын үй қорын жаңғыртуға арналған бағдарлама 2029 жылға дейін жалғасады. Мемлекет жер телімін рәсімдеу және инженерлік желілер тарту жұмыстарына қолдау білдіреді.

Нұртілеу Шайдығалиев, қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

- 7 үйдің құрылысы қазіргі таңда жүргізіліп жатыр. 2024-2025 жылдары құрылыстары толығымен аяқталатын болады. Бағдарлама жалпы тұрғындардың 100% келісімі негізінде, сондай-ақ қала әкімдігі, құрылыс салушы инвестор компания үшеуінің меморандумы негізінде жүргізіледі.

Реновация бағдарламасының нәтижесінде бүгінге дейін 263 отбасы жаңа баспанаға ие болған. Бұл көрсеткіш болашақта өсе түспек. Биыл қалада әбден ескірген тағы 5 үй бұзылып, орнына жаңасы бой көтермек.  

Авторлары: Елдос Кәкенов, Альбина Кумаргалиева, Ербол Мендыгалиев.