Алматыда халық жиналатын орынға 1200 адам келді

Алматыда жер сілкінісінен кейін халық жиналатын орынға 1200-дей адам келген, деп хабарлайды 24KZ.

Шаһарда қазір 400-ге тарта қабылдау пункті бар. Жоғары оқу орындары мен мектептер жұмысын уақытша тоқтатты.  Студенттер мен оқушылар үйіне жіберілді. Қалалық білім басқармасы екінші ауысымда оқитындарға сабақ болмайтынын хабарлады. Ал Сейсмология институтының мамандары: «Тұрғындар сағат 16:00-ге дейін халық жиналатын арнайы орында болғаны дұрыс», – дейді.

Сейсмикалық жағдайды бағалау жөніндегі комиссия отырысы өтіп жатыр. Қазір қалада көлік қозғалысы қиындады. Кептелістің көрсеткіші қызыл деңгейге жетіп, 10 баллға көтерілді. Әкімдіктің хабарлауынша, қаладағы барлық мектеп пен балабақша, қабылдау пунктері ашық тұр. Әуежай  штатты режимде жұмыс істеп жатыр. Ал метро уақытша жабылды.  

Бекзат Дүйсенбекұлы, студент:

- Аяқ-асты жер сілкініс болып кетті. Одан кейін мен қашайын деп ойладым да, сақырлаған дауыстар шыққанда құлады деп ойладым. Неше түрлі ой кетті. Одан кейін басылып қалды, асықпай шықтық.

Бақнұр Нұран, студент:

- Біріншіден, қауіпсіздік ережелерін сақтап, шетке тұрып деген сияқты жағдайларды жасауымыз керек еді. Алайда біз шок жағдайдан кейін бірден далаға қаша бастадық. Нақты білмей қалдық, өзіміздің ойымызды жинақтап үлгермей қалдық.