5 наурыз - Әлихан Бөкейханның туған күні

Бүгін - ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның туған күні.

Қазақ елінің дербестігі, экономикалық тәуелсіздігі, жері, тілі үшін күрескен қайраткердің ғылым мен білімді дамытам деген асқақ арманы болған еді.   

Оның бастауымен «Алаш автономиясы» құрылды. Алаш әскері жасақталды.

Әлихан Бөкейхан қазақ елі дүниежүзіндегі ең алдыңғы қатарлы мемлекет болады деп сенді. Осы тұрғыда аянбай еңбек етіп, сол заманның білікті тұлғаларын Алаш туының астына біріктіре алды.  Елдің болашақ жоспарын құрды. Әлихандай көсем басқарған саяси элита қай салада да, істе де алда тұрды. 

Айгүл Ісмақова, алаштанушы:

- Тұңғыш географиялық физикалық картаның авторы кім - Әлихан Бөкейхан. Сол экспедиция жасап жүріп жасаған. Екінші Әлихан жер асты, жер үсті байлығын Ресей  географиялық мүшесі бола жүріп геологиялық мағлұматтарға ие болған. Олардың картасын жасаған. Және біздің қазақ жері өте бай, жер асты байлығы бізден кейін 100 ұрпағымызға жететіндей деңгейде және ол байлық әр қазақтың өңіріне сол асыл тастардан түйме болып қадалуына жеткілікті деген.

Әлихан зерттемеген ғылым саласы жоқ. «Алаш жерінің астындағы, үстіндегі, көгіндегі барлық байлық қазақтың өзіне қызмет етуі керек» деген дала дарыны ұлт санасына саңлау түсіргендердің бірі де бірігейі.

Сұлтанхан Аққұлұлы, әлихантанушы-ғалым:

-  Әлиханның айтқан сөзі бар. «Хан баласында қазақтың қақысы бар еді. Тірі болсам қазаққа қызмет қылмай қоймаймын».  Міне сол өсиетін адал атқарып кетті. Ал бүгінгі қазақ халқының сол Әлихан алдында борышы өте зор. Осы күнге дейін Әлихан бабамызға, оның тарихи тұлғасына, халық алдындағы зор еңбегіне қарап, мүмкін біздің тарихымызда халқына дәл Әлихандай қызмет еткен бірде бір мемлекет қайраткері жоқ шығар дейміз.

Ресей саяси элитасымен бірдей араласып, саясатқа ден қойған Әлихан қазақ даласында әлеуметтік теңдікті қалыптастыру, сахара мәдениетін сақтау, жастарды оқыту  туралы небір құнды зерттеулер жүргізді.

Айгүл Ісмақова, алаштанушы:

- 1900 жылдың басында Ресей  географиялық қоғамының мүшесі болып жүргенде «Қараөткелде ХХ ғасырдың басында қазақ баласына білім беретін  әлемдік деңгейдегі ғылым ордасы болатын университет ашылады дейді. Қараөткел деп осы жерді айтқан. Қараөткел осы Астанадағы жердің аты. Қарасаңыз бұл 100 жылдан кейін іске асты. 

Өзінің бүкіл өмірін саяси күреске арнаған қазақтың біртуар ұлының  өмірінде туған күнімен сәйкес келген оқиғалар көп дейді өлкетанушы, «Әлиханның шырақшысы» атанған Тұңғышбай Мұқан.

Тұңғышбай Мұқан, өлкетанушы:

- 1920 жылы революциялық әскери комитеттің  шешімімен Алашорда үкіметі таратылған. Тура Әлиханның туған күнінде. Мұны қиянат деп бағалайық. 1950 жылы 5 наурызда Әлиханның туған күнінде Алаштықтардың қас жауы Сталин өлген. Мұны зауал деп бағалайық. 1918 жылы тура 27 қыркүйекте Әлиханның анасы қайтыс болған, дәл сол күні 1937 жылдың 27 қыркүйегінде Әлиханға өлім жазасы кесілген. Бұл әрине құдіретті рух.

71 жыл жасап, қиянат көріп, қиямет кешкен  ұлт көсемінің еңбегі ерен. Басын бәйгеге тікті. Тағдыры небір нәубетті жылдардан өткен қазақ тарихымен бірге өрілді.  Ол білімін, күшін Алашқа арнады. Алаш мемлекетін құру жолында ғұмырын сарп етті.

Зарина Кәп, Ернар Жақсыбаев