Елордалықтар жаңа нысанның құрылысына қарсы

Елордалықтар көпқабатты тұрғын үйдің жанына салынатын құрылыс нысанына қарсы, деп хабарлайды 24KZ.

Олар: «іргелес жатқан бос аумақта жаңа кешен бой көтерсе, инженерлік желілерге қосымша жүктеме түседі», – деп алаңдайды. Бұл қызмет сапасына кері әсерін тигізеді. Қабанбай батыр мен Сығанақ көшелерінің қиылысында орналасқан үйлердің тұрғындары осындай шағым айтып, арнамызға хабарласқан еді.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Бас шаһардағы бұл автотұрақ ту сыртымда тұрған мына сауда-ойын сауық орталығына тиесілі. Көріп тұрғаныңыздай, аумағы кең. Шамамен 2 гектар. Бір емес, бірнеше нысан сыяды. Алдағы уақытта осы жерде құрылыс жұмыстары жүргізілсе, көрші орналасқан тұрғын үй кешеніне барар су қысымы азаяды. Кәріз құбырларының да тозығы тез жетіп, арты апатты жағдайға әкелуі мүмкін, – дейді жергілікті халық.

Автотұрақ Достық көшесінің бойында орналасқан. Аумақ жекеменшік болғанымен, автокөлікті тегін қойып кетуге болады. Басқа көшелерге кедергісіз шығуға да өте қолайлы. Іргедегі тұрғындар: «ғимарат салынса, енді мұндай мүмкіндіктер болмайды», – деп отыр. Дегенмен аймақта қандай да бір құрылыс жүргізілсе, ол әлеуметтік нысан болса екен, – дейді.

Мәселенің анық-қанығына жету үшін автотұрақ басшылығына хабарластық. Ондағылар қандай да бір құрылыс жұмыстары жоспарланбағанын айтты.

Мадина Қайырова, сауда орталығының коммерциялық директоры:

- Жер учаскесі сатылмайды. Құжаттар негізінде жер учаскесі бөлінбейді және ол – сауда орталығының ажырамас бөлігі. Қазіргі таңда бізде уәкілетті органдардан берілетін сәулет жоспарлау тапсырмасы жоқ.

Нұра ауданы әкімшілігінің өкілдері осыған дейін автотұрақ иесі сауда орталығын кеңейтуді жоспарлағанын айтып отыр. Бірақ әзірге нақты шешім шығарылмаған.

Бұл ретте тұрғындармен қосымша қоғамдық талқылау өткізілмекші екен. Бұл туралы бізге әкімшілік өкілдері жазбаша жауабында айтты.

Жеңіс Қасымбек, қала әкімі:

- Ондай ұсыныспен мына әкімшілікке сауда орталығының қожайындары шыққан. Бірақ ондай шешім тұрғындардың келісімінсіз болмайды. Сондықтан қазір бас жоспарды қарап отырмыз. Жалпы бұл мәселе «7 бөшке» тұрғындары оған келіспесе, ешқандай құрылыс болмайды ол алаңда.

Қала басшысының сөзіне сенсек, алаңдауға еш негіз жоқ. Орын алған мәселе қоғамдық талқылауда дауыс беру арқылы шешіледі. Бірақ тұрғындар құрылыс маусымы жақындағанда жағдай мың құбыла ма деп алаңдайды.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Темірлан Аманжол, Абдулхамит Бөлекбаев.