Шымкентте әйелге қысым көрсетуді құптайтын ерлер көп екені анықталды

Әйелдерге қандай да бір психологиялық қысым көрсетуді құптайтын және өмірінде бір мәрте болса да, физикалық күш көрсетуге жол берген ерлердің үлесі ел бойынша Шымкентте көп екені анықталды.

Сауалнамаға қатысқандардың 54%-і, яғни әрбір екіншісі «иә» деп жауап берген. Шығыс Қазақстан облысында шамамен 37%. Үшінші сатыға жайғасқан Сыр өңірінде 25%, төрттікті түйіндеген Түркістан облысында 21%. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы Даму бағдарламасы мен әйелдер құрылымы жүргізген зерттеу нәтижесі осындай. Сауалнамаға елдің 17 өңірінен 4 мыңға жуық респондент қатысқан. Тозығы жеткен теріс түсінік түбегейлі қоғам дертіне айналмай тұрғанда түп-тамырына қазірден бастап балта шабу керек, – дейді депутаттар.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

- Әкімшілік құқықбұзушылықтың екі бабын Қылмыстық кодекске енгізіп отырмыз. Сәйкесінше ол жерде қылмыстық жауапкершілік қарастырылатын болады. Яғни, 108.1 бабы денсаулыққа қасақана зиян келтіру және 109.1 ұрып-соғу баптары енді Қылмыстық кодексте болады және жаза ҚК аясында қарастырылады.

Әйелдер құқығы мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заң жобасын Сенат мақұлдаса, жаза күшейтіледі. Ал денсаулыққа жеңіл зиян келтіргендерді 200 айлық есептік көрсеткіш көлеміне дейін айыппұл төлеуге міндеттеуі мүмкін. Өтей алмаса, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылады немесе 50 тәулікке қамауға алу ұсынылды.