Жер сілкінісі кезінде жер үй қауіпсіз бе?

Алматыда бұл жолы да жер сілкінісінен соң тұрғындардың пәтерлерін тастап, жаппай жер үйлерге ағылуы байқалды.

Кеше түсте көшеде кептеліс болып, қозғалыс қиындады. Тұрғын үй нарығында да сұраныс артқан. Дүмпу кезінде жер үйлер қаншалықты қауіпсіз? Неге мән берген жөн?

Дәл осындай көрініс қаланың басқа да көпқабатты тұрғын үйлерінде байқалды. Дүмпу қайталана ма деп үрейленген халық, бала-шағасын жинап, бірі саяжайларына, енді бірі қала сыртында тұратын туыстарының үйіне қонды. Тіпті кешкі уақытта мегаполис көшелерінде көлік қозғалысы сиреді.  Әсіресе кептелістен көз ашпайтын Әл-Фараби даңғылы картада жасыл түсті көрсетті.

Фарида Несіпбергенова, Алматы қаласының тұрғыны:

- Жер үйде тұрамын. Жер үй көпқабатты үйге қарағанда қауіпсіз деп есептеймін. Бала-шағамыз келді, туысқандар жиналып, біздің үйде отырдық.

Ерасыл, Алматы қаласының тұрғыны:

- Бірқабатты үйде төбеден құлайтын ештеңе жоқ. Шатырдан басқа. Сондықтан жер үй 70-80%-ке қауіпсіз болып табылады.

Көпқабатты үйлерде тұратын алматылықтардың қорқып, жер үйлерге ағылуына негіз бар, – дейді архитектор Жанна Спунер. Ғимараттың іргетасына жақын төменгі қабаттарда тербеліс амплитудасы аз болады. Ал неғұрлым жоғарылаған сайын тербелістің күші де қатты сезіледі. Дегенмен 9 балдық жер сілкінісіне есептеліп салынған ғимарттар қауіпсіз саналады, – дейді маман.

Жанна Спунер, архитектор:

- Тұрғындар жоғары қабаттағы бар салмақ үстімізге құлайды деп қорқады.  Бірақ, шын мәнінде, егер сіз 9 балдық сейсмикалық ғимаратта тұрсаңыз, сіз жеке тұрғын үйге қарағанда қауіпсіз жерде тұрсыз деп есептеуге болады. Біздің қаламызда тұрғын үйлер негізінен 7-9 балға шыдас береді.

Жер сілкінісі кезінде жеке тұрғын үйдің артықшылығы, тезірек сыртқа шығуға мүмкіндік бар, – дейді мамандар. Алайда талапқа сай салынбаса, ол да қауіпті. Іс жүзінде дүмпу кезінде жер үйлердің құрылыс конструцияларының ақауы жиі тіркеледі екен. Сондықтан жер үй салғыңыз келсе немесе сатып алатын ойыңыз болса, мамандардың кеңесін естен шығармаңыз.

Ералы Шоқпаров, Қазақ құрылыс, сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының өндіріс бойынша басқарушы директоры:

- Кірпіш үйлерді салған кезде ол жерде, кірпіштің біткен жерінде, төбе жабынының жоғары жағында антисейсмикалық белдеу орнатылуы керек. Үйдің бұрышында немесе сыртқы қабырға мен ішкі қабырғаның қиылысқан жерлерінде жаңағы «железобетон сердечник» деп айтамыз, ұстындар орнатылуы керек. Кірпішті 4-5 қатардан кейін арматуралық сеткамен нығайту керек.

Ал сабан-балшықтан салыған үйлер жер сілкінісіне шыдай бермейді. Ертеректе салынған мұндай баспаналар қаланың шеткі аудандарында әлі кездеседі. Сейсмикалық қауіпті аймақ саналатын Алматыда ағаш қаңқалы бірқабатты үйлер салу тиімді, – дейді архитекторлар. Құрылымы жеңіл әрі ағаш қаңқа қозғалысқа бейім болғандықтан, жер тербелісі кезінде қирап қалмайды. Алайда оны да құрылыс нормасына сай салу керек.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Шұғыла Әбдібай, Әбен Нарымбаев.