Елімізде «Халал» сертификатын беретін бірнеше ұйым бар

Дүкен сөресіндегі астың қайсы адал, қайсы арам болуы мүмкін?

Күнделікті ішіп-жемнің қорабында «Халал» деген таңба көбейді. Енді тағамды сұрыптап, сапасын анықтап жатқан кімдер?  

Біздің елде «Халал» сертификатын бір емес, бірнеше ұйым береді екен. Тіпті ішінде сертификаттаумен айналысатын жеке кәсіпкерлер де бар.

Табанақы, маңдай терімен келген ақшасына адал ас алуды ойлаған ағайын енді олардың қайсына сенуге тиіс?

Иә, адал мен арамды анықтап, парақшасында  пәтуа беретіндер көп. Көсіле сөйлеп, кесіп айтқанда кәсіби мамандардан кем түспейді. Сөзіне иланғандар ығына жығылып, халал дегенін тұтынып, харам деп танығанынан тыйылады. Бірақ ешқандай зертханасы, кәсіби маманы жоқ бұлардың тауар түріне қатысты берген шешімі күмәнды.

Тіпті мамандықдықтың да харамын тауып, халалын ақтап алған.

Айбек Аташев, ҚМДБ «Халал Даму» директоры:

- Телефоны бардың бәрі ақыл айтып, телефоны бардың бәрі пәтуа айтатын заман болды. Телофонын алып жүгіріп барады да, дүкен сөрелерінде тұрған өнімнің сыртын суретке бір түсіреді де, былай бір оқиды, былай бір оқиды да, «мынаның құрамы таза екен, мынаның құрамы харам екен, мынаның құрамы адал екен», – деп жаңағы пәтуа айтып кетті. Бірақ адал, арам деп, харам, халал деп пәтуа айту – ол үлкен жауапкершілік.

Әу баста ас-судың адал не арам екенін анықтау дін қызметкерлерінің құзырында еді. Қазір қолы жеткеннің бәрі халал мен харамның аражігін айырып жүр. Нарықта бірнеше тауар таңбасын көріпте жүрген боларсыз.  Тұтынғанын адалдап жегісі келген ағайын қайысына сенерін білмей дал. 

Айбек Аташев, ҚМДБ «Халал Даму» директоры:

- Халал сертификатпен айналысу бұл діни басқарманың құзырында, діни басқарманың бақылауында болған дұрыс деп біз есептейміз. Ел мұсылмандарының қара шаңырағы жалпы еліміздегі мұсылмандардың, Қазақстан мұсылмандарының басқармасы мүфтият болғаннан кейін бұл мәселемен мүштияттың айналысуы – бұл заңдылық.

Тіпті Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының атын жамылып, өнімі мен қызметін халал деп жариялайтындар да бар екен. Өткен жылдың өзінде тауарын жалған таңбалаған 7 кәсіпкер заң алдында жауап берген. Ал мемлекеттік мекеме: «Біз тек шекара асатын ас өнімдерін ғана сертификаттаймыз», – дейді

Гүлдана Жүсіпова, «ҚазСтандарт» халал сәйкестікті растау жөніндегі органның басшысы:

- Біз экспортқа өнім шығаратын кәсіпкерлерге халал сертификатын берумен айналысамыз. Қазір біздің тауар таңбасымен сүт, ет, ұн, балық өнімдері сыртқы мемлекеттерге тасымалданып отыр. Біздің мақсатымыз – шекаралық шектеулерді жеңілдету, отандық кәсіпкерлерді қолдау.

Сондай-ақ сенімге селкеу түсірген сапасыз тауарларды сұрыптау үшін елде «Сапалы өнім» жобасы басталған екен. Жарнамасы жер жарып, алайда атына заты сай келмейтін кейбір өнімдерді сөрелерден ығыстыруды мақсат еткен мұндағылар.

Бақдәулет Ибраимов, ҚР Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің өкілі:

- Қаңтар айында «Сапалы өнім» тұтынушылардың құқығын қорғау қоғамдық қоры тіркеліп, өзінің жұмысын бастап кетті. Бұл қоғамдық қордың басты мақсаты – өңірдегі қоғамдық бірлестіктермен бірге, отандық тауар өндірушілермен бірге тығыз жұмыс жасап, еліміздегі сөрелердегі сапасы төмен және қауіпті өнімдерді анықтап, сөрелерден алып тастау. Сараптама жасау мақсатында құзырлы эксперттік органдарға жолданған болатын. 119 өнімнің 54-інен белгілеу бойынша қателіктер анықталды.

«Халал» сөзі діни ұғым болғаннан кейін бұқараның дені мүфтияттың берген сертификатына сенеді. Қазір отандық нарықта мұндай тауар таңбасын иеленген 1500-ге жуық кәсіп иесі бар. Ал қалған халал деп танылған тауарларды тұтыну не күдікпен қарау қарашаның өз еркінде.

Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Жандос Бейтабаров, Мерей Талап, Ғалымжан Әбділахат.