Қызылорда облысында жарық желілері жаңғыртылады

Қызылорда облысында жарық желілерінің 66%-ы тозып тұр, деп хабарлайды 24KZ.

Әсіресе шалғайдағы ауылдарда жарық жиі сөнеді. Ал Қазалы ауданында электр желісінің 73%-ын жаңалау қажет. Бұл көрсеткішті биыл 5%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр. Былтыр Қазалы қаласында 27 шақырым ескі тоқ желісі, 4 трансформатор және 457 дана бағана жаңаланды. Биыл бұл жұмыс жалғасып, тағы 26 шақырым жарық желісі ауыстырылады. Әйтеке би кентінде де электр мәселесін шешу үшін құны 320 миллион теңге болатын жоба жүзеге асырылып жатыр. Мұнан бөлек, жалпы құны 5 миллиард теңгеден асатын бірнеше жоба дайындалып, бюджеттен қаржыландыруға ұсынылған. Осылайша, 10 ауылдың жарық желісін жаңғырту мәселесі кешенді шаралар жоспарына енді, – дейді мамандар.

Жасұлан Сыдықов, Қазалы аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:

- Биыл 50 млн теңге Қожабақы елді мекенінің электр желісін қайта жаңғырту жұмыстарын бастауға қаржы бөлінді. Қазір мемлекеттік сатып алу конкурсы өтіп, жеңімпаз анықталып тұр. Келісімшартқа отырып жатырмыз, ауа райы қолайлы жағдай туындаса, жұмыстарды жалғастырамыз деп отырмыз.