Ақмола облысының дамуына үлес қосып жүрген әйелдер марапатталды

Көкшетауда халықаралық әйелдер күніне орай аймақтың дамуына сүбелі үлес қосып жүрген қыз-келіншектер марапатталды.

Олардың қатарында өндіріс, бизнес, білім беру, денсаулық сақтау саласының өкілдері, спортшылар мен еңбек ардагерлері бар. Салтанатты шарада ақ жаулықты алты ана алтыннан алқа тақса, жетеуі «күміс алқа» иегері атанды. Сонымен бірге Астанада 3 адамды құтқарып, өзі қаза тапқан өрт сөндіруші Асқар Забикуллиннің анасына құрмет көрсетілді. Ал жиырма миллионыншы қазақстандықты дүниеге әкелген Динара Каренкинаға президент атынан гүл шоқтары табысталды.

Қаламқас Балтабаева, «Алтын алқа» иегері:

- Жеті баланың анасымын. Бүгінгі шараға Степногорск қаласынан келіп тұрмын. Тұңғыш балам 17-де. Қазір 10-сыныпта оқиды. Кіші балам бірде. Төртінші баламды дүниеге әкелгенде Степногорск қаласынан екі бөлмелі пәтер берген. Қазір міне жеті бала болды. Бүгін мені Көкшетау қаласындағы мейрамға шақырып, «Алтын алқа» берді. Көп рахметімді айтамын.

Карина Ибрагимова, бокстан азия чемпионы:

- Барша ақ жаулықты аналарды көктемнің шуақты мерекесімен құттықтаймын. Әр отбасыға береке, табыс тілеймін. Мен қазір Париж олимпиадасына тыңғылықты дайындалып жатырмын.

Осы шарадан мен бірден Щучинск қаласында болатын оқу-жаттығу жиына кетем. Одан кейін Ирландия қаласында жаттығуымызды жалғастырамыз. Олимпиада алтынын алуға барымды саламын.