Қарағандыда «Кимешек – аналардың алтын тәжі» атты көрме өтті

Қарағанды тарихи-өлкетану музейінде «Кимешек – аналардың алтын тәжі» атты көрме өтті.

Көрмеге қазақ әйелдерінің баскиімдері қойылды. Олардың ішінде ХІХ ғасырдағы құнды кимешек көптің көңілін баурады. Бұл баскиімдер Арқа өңіріне тән. Қазақ әйелдерінің ақ жаулығы ғасырлар өтсе де тектіліктің, даналықтың және ой тазалығының бейнесі болып қала бермек. Әйелдер бұл баскиімді балалы болғаннан кейін ғана киген, яғни кимешек әлеуметтік мәртебесі мен жасын білдірген. Кимешектің пайда болу тарихы Х–ХІ ғасырлардан бастау алады. Уақыт өте келе баскиім киелі мағынаға ие болды. Баскиімдер жас санаттары бойынша ерекшеленді. Кешегі келіншек орта жасқа келгенде барлық зергерлік бұйымдар кимешектен алынып тасталады да жай ғана ақ түсті және тек қырлы тігіспен безендірілген бас киім киген. Осылайша, әйел-ананың қоғамдағы орны мен жас шамасы анықталған.

Нарша Iлден, Облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсоводы:

- Жалпы, біз кимешектің ою-өрнегіне, тігісіне, жасалу техникасына қарап оны білеміз. Яғни, егер кимешектің ою-өрнегі аз болып, оның тігісі жұқа болса, оны егде жастыкі деп айтамыз. Егер дәл осындай ою-өрнектері көбірек, түсі анық-қанық болып тұрса ол онда жас ананыкі немесе орташа жастағы деп айтамыз.