Қызылорда облысына қарасты ауылдарға су жүйесі тартылады

Биыл Қызылорда облысының Қазалы ауданындағы 3 елді мекенге орталықтандырылған ауызсу жүйесі тартылады.

Ал шалғай ауылдарға су тұщыту қондырғысын орнату жоспарланып отыр. Қазір ауданда тіршілік нәрін тасып ішіп отырған тұрғындар бар.

Әйтеке би кентінде жаз айларында ауызсу тұтыну көлемі еселеп артады. Қарасақал Ерімбет көшесіндегі мына көпқабатты үйлердің тұрғындары да өткен жылы тіршілік нәрін тасып ішуге мәжбүр болған. «Құбыр бойындағы қысымның аздығынан су сыздықтап ағады, кейде мүлдем тоқтап қалады»-дейді пәтер иелері. 

Людмила Дайрабай, Әйтеке би кентінің тұрғыны:

- Су болмайды, біз алдын-ала толтырып аламыз, кей кезде қыздарымыздың үйінен алдыртамыз коламен. Су кей кезде болмағанда, трубалардың бәрі шірігін ғой, ремонттау керек.

Шамшагүл Жұртұлова, Әйтеке би кентінің тұрғыны:

- Мотор дұрыс емес. Мотор болса бәрі болып тұрады. Сосын жаздың күндері бізге су керек.

Жергілікті әкімдік «алдағы уақытта бұл шағын аудандағы ауызсу тапшылығы шешімін табады» деп отыр. Өйткені бірер ай бұрын бұл үйлерге жаңа су айдау құрылғысы орнатылған. Дегенмен соңғы жылдары Қазалы ауданында ауызсу тұтыну көлемі артып келеді. «Мәселені шешу үшін ауқымды жоба жүзеге асып жатыр»,-дейді мамандар.  

Жасұлан Сыдықов, Қазалы аудандық ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары: 

- Байқожа топтық су құбыры құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл резервтік қор болып есептеледі. Қазір келіп тұрған линияға қосымша жаңадан магитралды желі тартылып жатыр. 2024-2025 жылдары аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз оны да. Қазір күнделікті су тұтыну көрсеткіші артып келе жатыр. Әсіресе жаз айларында. Соған суды толық жеткізу, аудан көлеміне. Негізі сол мақсаты.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Қазалы ауданында барлығы 42 елді мекен бар. Оның 30-ында ауызсу мәселесі толық шешімін тапқан. Ал биыл тағы 3 ауылға орталықтандырылған ауызсу желісі тартылады. Сонымен қатар Ажар, Жұбан, Бірлік елді мекендеріне су тұщыту қондырғысы орнатылады.

Айта кетейік, өңірдегі барлық 230 ауылдың 98 пайызы ортақ ауыз сүй жүйесіне қосылған. Бұл көрсеткішті 2025 жылы 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев