Ресейден келер судан қауіп бар ма?

Қостанай облысына Ресейден келетін су көлемі биыл қанша болуы мүмкін? Сала мамандарын қазір осы мәселе мазалайды.

Көрші елден келетін суды бірінші болып Жітіқара ауданындағы Желқуар су қоймасы қабылдайды. Қазір қойма басшылығы көрші елдегі әріптестерімен үнемі байланыста. Екі  жақта күн сайын өзен денгейін өлшеп, күн райын бақылап отыр.

Желқуар су қоймасының сыйымдылығы – 29 миллион текше метр. Ресей жақтан ағатын екі өзен осы Желқуарда тоғысады.

Батырбек Қабиев, Желқуар су қоймасының басшысы:

- Былтыр, мысалы, 200 миллиондай су келді Ресейден. Сынташты, Берсуат дейтін 2 өзен бар. Сынташты ол Ресейден тікелей келеді. Ал Берсуат Ресейден шығады да, Қазақстанға кіреді былай айналма. Сол екі өзен 200 миллион су әкелді былтыр.

Ал биыл қос өзен қанша әкелерін нақты айту қиын. Егер қар күрт ерімей, ылғал бірте-бірте жерге сіңіп, булана берсе, әрі кеткенде 80-100 миллион текше метр су түсер деген болжам бар. Бірақ қамсыз отыруға тағы болмайды. Сондықтан мұндағы мамандар су денгейін үнемі бақылап отырады. Сондай бір өлшегіштердің бірі қойманың су сорғыш стансысында орналасқан.

Мағауия Қалиев, тілші:

- Мынау – өзендегі су көлемін өлшегіш құрал. Қазір Желқуар өзеніндегі су денгейі 245-те 60-ты көрсетіп тұр. Егер ол 246-ға дейін жететін болса, онда қойма толып, су денгейін реттеуге тура келеді.

Желқуар су қоймасы, былайша айтқанда, толы деуге болады. Қазір 4 миллион текше метр ғана бос орын бар. Сәуір айының алғашқы онкүндігінде  өзен арнасымен біртіндеп суды жіберіп, босата бастайды. Асып-тасуына жол бермес үшін қойма маңынан су қабылдағышы бар жеке арық қазылған.

Батырбек Қабиев, Желқуар су қоймасының басшысы:

- Осыдан 800 метр алдында «аварийный водосбросной канал» дейді, арық қой енді. Су қатты кетсе, біз су өткізуге үлгірмейміз. Анау істейді де, сол екі жағымен бір шақырымнан кейін қосылады. Екі жерден. Сол бір-бірін басып, сосын сабыр болып өтеді. Су деңгейі 246 метрден өтсе, сол автоматты кетеді.

Жергілікті мамандарды сондай-ақ аудан аумағындағы қардың қалыңдығы да алаңдатады. Қазгидромет болжамынша, ылғал мөлшері былтырға қарағанда екі есе көп.

Азамат Досаев, Жітіқара аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы:

- Аудандағы Жітіқара және Забелов елді мекендерін су басу қаупі бар. Ресейден келер ағысты бағамдай алмай қалсақ, Желқуар мен Шортанды өзендері арнасынан асып, ауылға жайылуы әбден мүмкін.

Құтқарушылар: «тосын жағдайға сақадай-саймыз, керек-жарақтарымыз дайын», – дейді. Өңірде тасқыннан зардап шеккендерді қабылдайтын 20 пункт жұмыс істемек.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг.