15 жастағы оқушы қауіпті қылмыскерді ұстауға көмектесті

Ақмола облысында 15 жастағы оқушы аса қауіпті қылмыскерді ұстауға көмектесті, деп хабарлайды 24KZ.

Оқиға Щучинск қаласында болды. Адам өлтіргеніне байланысты іздеу жарияланған күдікті Мирас Шәймерденовтің отбасына тиесілі жеке аумақта жасырынған екен. Осыны байқап қалған оқушы бірден құзырлы орган өкілдеріне хабарлап, қылмыскерді ұстауға жәрдемдесті.

Оқиға осыдан бірер апта бұрын болған. Мирас Шәймерденов үйінің ауласында ішімдікке сылқия тойып алып, ұйықтап жатқан бейтаныс адамды байқайды. Бірақ оның іздеуде жүрген қылмыскер екенінен бейхабар еді.  Кейін одан ауладан шығуды талап етеді. Қылмыскердің қарсылық танытқанын көріп, бірден полиция шақырады.

Мирас Шәймерденов, оқушы:

- Дәл сол уақытта полиция қызметкерлері осы күдіктіні іздестіріп жүрген екен. Мен видео арқылы сонда жұмыс істейтін ағама хабарласып, қылмыскердің түр-тұлғасын көрсеттім. Кейін ол менің телефонымды жұлып алды. Бірақ мен сасқалақтамай, ол кісіні ауладан шығарып жібердім. Артынан аңдып, құзырлы орган өкілдерінің келгенін күттім.

Жақындары мен сыныптастары батыр баланың ерлігіне тәнті болып отыр.  Анасы тіпті ұлынан осындай батыл қадамды күтпегенін жасырмады.

Гүлзат Шәймерденова, анасы:

- Мирас – менің тірегім, мақтанышым. Мен бастапқыда бұл жайға аса қатты мән бермедім. Кейіннен оның қауіпті қылмыскер екенін білгенде таңғалдым. Ұлымның осындай батыл қадамға қорықпай барғаны қуантады.

Еркебұлан Жақсыбай, сыныптасы:

- Бірінші рет естігенде сенген жоқпын. Бірақ Мирастың қолынан мұндай ерлік келетінін білдім. Өйткені онда қорқу, үрей деген жоқ. Спорттық үйірмелерге қатысады.

Қазір қылмыскер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның бұған дейін де бірнеше рет істі болғаны анықталды.

Думан Сабыржанов, Бурабай аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары:

- Сол күні шамамен тоғыз жарым кезінде бізге бір адамның өлтірілгені туралы хабарлама келді. Оқиға орнында біз қылмыскердің заттарын анықтадық. Күдіктіні жан-жақтан іздестіре бастадық. Бірер сағаттың шамасында тағы бір қоңырау түсті. Айтылған мекенжайда қылмыскерді қолға түсірдік. Қазір күдіктіге қатысты іс қозғалды. Осы айдың 15-20 аралығында біз істі сотқа тапсырамыз.

Ал аса қауіпті қылмыскерді ұстауға көмектескен батыр ұлдың еңбегі елеусіз қалмады. Облыстық Полиция департаментінің бастығы Мирас Шәймерденовке арнайы сыйлық табыс етіп, алғысын жеткізді.

Авторлары: Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко.