Оңтүстікте көктемгі егіс науқаны басталды

Түркістан облысының Жетісай ауданында диқандар жер жыртып, көшет сеуіп үлгерді.

Күн жылыса бақша дақылдары мен қауын-қарбыз егуге қамданып отыр. Кейінгі жылдары ағын су тапшылығы мен мақта бағасының арзандауы – диқандардың суды аз қажет ететін басқа дақыл түрлеріне бет бұруына түрткі болды. Мамандар биыл ауданда мақта алқабы 3 мың гектарға дейін қысқаратынын айтады.

Жетісай ауданының тұрғыны Алмас Арынов мақтаның машақаты көп болғандықтан биыл көгөніс егуге кіріскен. Себебі өңірде су тапшы, мақта бағасы арзан. Кеткен шығын еткен еңбекті ақтамайтынын айтады. Сондықтан шаруа ақпан айындағы жылымықты пайдаланып, қырыққабаттың ерте пісетін көшетін отырғызған. «Екі айда пісіп жетілетін орамжапыраққа еуропа мен ресейліктер тарапынан сұраныс өте жоғары»,- дейді.

Алмас Арынов шаруа:

- Мақта бағасының тұрақсыздығына байланысты осы көгөніс өнімдеріне ауысып жатырмыз. Жанындағы үш гектар жерге қырыққабаттың молоко деген сортын егуге дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Осы қырыққабаттың етек жағына 20 наурызға қарай қызанақ пен қарбыз егіледі деп жоспарлаудамыз.

Ал Сейфуллин ауылының тұрғыны мақта еккен алқаптың орнына жылыжай салды. «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 6 млн теңге алған, қызанақ пен қияр егіп жатыр. Өнімділігі жоғары саналатын көгөністерді өсіруде тамшылатып суару әдісін қолданады.

Бахадыр Булишев, диқан:

- Жылыжайда үш мәрте егеміз. Қызанақ, қияр егеміз. Кейін көшет өндіреміз. Қызанақ, қиярдың табысы көп мақтаға қарағанда. Поляларда қауын, капуста егіп жатырмыз.

Көктемгі егісті ерте бастаған жетісайлық тұрғындар 700 гектардан астам мақта алқабына қырыққабат көшетін отырғызған. 69 мың гектар жер жыртылып, 45 мың гектар жердің соры шайылды. Ағын су тапшылығына байланысты биыл ауданда мақта алқабы 3 мың гектарға азайды. Мамандар оның орнына су үнемдеу технологиясын енгізіп, суды аз қажет ететін дақылдарға басымдық берілетінін айтады.

Ерқуат Тұрғынбаев, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының м.а.:

- Барлық ауылдық округте түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, оның жаңағы субсидиясын, жеңілдіктерін барлығын түсіндіріп жүрміз. Оның орнына мал азық дақылдары, жүгері мен жоңышқа алқабын көбейту жоспарлануда.

Биыл Түркістан облысында мақта алқабы 10 мың гектарға азайтылып, 105 мың гектарға егіледі деп жоспарлануда. Есесіне Мақтаарал, Жетісай, Шардара аудандарында жүгері, жоңышқа сияқты мал азығы дақылдарына басымдық беріледі. Жалпы биыл өңірде 873 мың гектарға егін егу көзделіп отыр. Бүгінге дейін 425 мың гектар жер жыртылды. Шаруа қожалықтарына 21 мың тонна жанар-жағармай бөлініп, ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін 3 млрд 700 млн теңгенің несиесі мақұлданды.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов