«Тұйық» қорғасын кен орнының жұмысы уақытша тоқтатылды

Алматы облыстық прокуратурасы Кеген ауданындағы «Тұйық» қорғасын кен орнының жұмысын уақытша тоқтатты.

Тексеру барысында аталған кәсіпорынның қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзғаны анықталды. Атап айтар болсақ, ондағы шахта бекінісі деформацияға ұшыраған. Сонымен қатар шатыр мен борттардағы тау массасының қатып қалғаны және жобалау құжаттамасынан ауытқушылық байқалды. Бекіту материалдарының паспорты мен жұмысты орындауға арналған құжаттамасы да болмаған. Онда жұмыс істеп жатқан 25 кеншінің өміріне қауіп төнгендіктен, облыстық прокуратура қызметкерлері аталған кен орнының жұмысын уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады.

Мақсат Ержанұлы, Алматы облысы прокурорының аға көмекшісі:

- Жер қойнауын пайдаланушыға қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 298-бабымен (жұмысты қауіпсіз жүргізу жөніндегі қағидаларды бұзу) туралы әкімшілік іс қозғалды. Біздің тарапымыздан тексеріс барысында анықталған кемшіліктерді жоюға нұсқама берілді. Өндірістік апаттың алдын алу мақсатында сол талап орындалғанға дейін шахтаның қызметі уақытша тоқтатылады.