Қазақстанда алқабилер сотының өкілеттілігі кеңейтілмек

Елде алқабилер сотының да өкілеттілігі кеңейтіледі.

Яғни алқабилердің қарауына берілетін істердің саны артады. Мәжіліс қабырғасында аталмыш құқықтық институтты жетілдіруге бағытталған өзгерістер бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасына сәйкес енді алқабилер сотында шешімді судьяның қатысуынсыз 11 алқаби қабылдай алады. Ал сотқа жеткен іс прокурорға «қайта тергеу» үшін қайтарылмайды. Бұл құқық қорғау органдарына қылмыстық істің кем-кетігін жамап-жасқауға мүмкіндік бермейді. Заң жобасында сондай-ақ кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау шаралары күшейтілген. Енді бизнес иелерін қылмыстық қудалау шеңберіне негізсіз тартуға жол берілмейді.

Азамат Есқараев, ҚР Әділет министрі:

- Біз кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша нақты ұсыныстарды жасадық. Оның ішінде, мысалы құқық қорғау органдары қылмыстық істі тікелей қозғай алмайды. Тек қана нақты бір әрекеттің нәтижесінде экономикалық шығын, зиян келтіргені дәлелденген болса, осы құжаттың негізінде ғана қылмыстық іс қозғалуы мүмкін.