Түркістан облысындағы шаруалар көктемгі егістікке кірісе алмай отыр

Түркістан облысы, Сайрам ауданының шаруалары көктемгі егістікке кірісе алмай отыр.

Себебі, суармалы алқапты пайдалану мақсаты өзгеріп кеткен. Енді ол жерлерге тұрғын үй салынбақшы. Бас жоспарға енгізілген өзгерісті диқандар түсінбей дал.

Баян Ырсынбековаға тиесілі ауыл шаруашылық мақсатында 2,5 гектар жер бар. Егіс алқабына картоп, сәбіз, қызанақ егіп, маусымда екі рет өнім жинайтын. Биыл егістік науқаны басталса да, ерте қамдана алмады. Себебі суармалы жерді мемлекет қажеттігіне қайтару туралы хабарлама алған.

Баян Ырсынбекова, шаруа:

- Бізге анау салып беріңіз, мынаны бүйтіп беріңіз, асыраңыз деп жатқан жоқпыз. Өз адал еңбемізбен қарапайым халық болып әрекет етіп жатырмыз. Міне, мына халықтың бәрі жерін жыртып, бидай егіп тастаған. Жоңышқа егіп тастаған. Енді барып изъятие жасаймыз дейді.

Осылайша Сайрам ауданы бойынша 141 шаруаның тірлігі тұралады. Бірі бау-бақша өнімдерін ексе, енді бірі мал азығы дақылдарын егіп тастаған. Енді табыс көзінен қағаламыз ба деп қынжылады. Жер емген диқандар алқаптарды қайтаруға қарсы.

Мырзадәулет Әбдіраимов, шаруа:

- 31 немерем бар, 20 шөберем бар. Енді ертең қайда барамын!? Оларды кормить ету керек. Бағу керек. Жоқ біз бермейміз. Бауды не істеймін!? Қайда көшіріп апарамын!?

Ауданда 230 мыңнан астам тұрғын бар. Аудан әкімдігінің мәліметінше, үй кезегінде 3,5 мың адам тұр. Ал 10 соттық жер алу үшін 63 мыңнан астам адам тіркелген. Сондықтан жергілікті билік өкілдері 2016 жылы бас жоспарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін айтады. Сөйтіп, ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтармақшы

Шухратулла Убайдуллаев, аудан әкімінің орынбасары:

- 77 гектардың қазір тәуелсіз бағалаушылар белгіленді. Олар қазіргі нарықтық бағамен бағалап береді. Одан кейін ол бағаны ұсынғаннан кейін біз оны жер пайдаланушыларға ұсынамыз. Келіспеген жағдайда сотқа беруге құқылы. Сотқа бергеннен кейін сотта да бағамен келіспесе сот тағы да тәуелсіз бағалаушыларды тағайындауға мүмкіншілігі бар.

Бас жоспарға сәйкес егістікке арналған жерлерді қайтару 3 кезеңге жоспарланған. Алдағы уақытта Қарасу және Ақсу ауылдық округінде де 100 гектар жер мемлекет меншігіне өтуі керек. Алайда бұл шешімге наразы болған жұрт енді құзырлы органдарға арызданбақ.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов