Оралда Көрісу күні 11 жұп неке қиды

Оралда Көрісу күні 11 жұп шаңырақ көтеріп, некесін қидырды.

Азаматтық хал актілерін жазу бөлімінің дерегінше, жастар тойын көктемнің алғашқы айында өткізуді қалайды. Себебі наурызда үйлену отбасы беріктігін сақтайды деп сенеді.

Сұлтанияровтар әулеті бұл отбасылық қуанышқа дайындықты бірнеше ай бұрын бастапты. Барлығы қазақы қонақжай салт-дәстүрге сай үйлестірілген. Той күнін үлкендер «көрісу» күніне белгілепті. Себебі көктемнің басы наурыз дүние жаңарып, бар әлемге ізгілік нұры төгілетін мейрам. Табиғаттың оянып, жаңа өмірдің басталатын кезі, дейді әулеттің үлкендері.

Мария Хамзина, күйеу жігіттің әжесі:

- Қуаныштымыз, бүгн енді көрісу айты құтты болсын, бәріңізге де. Жыл сайын балаларымыз үйімізге келіп, көрісіп, үлкен шаңырақ деп бәрі маған келеді. Көрісу күнін біздің үйде өткіземіз.

Шаңырақ көтеріп жатқан Бекнұр мен Дана бір жыл бұрын дәл осы «көрісу» күні Ақтау қаласында танысыпты. Содан бері қыз-жігіт болып, жұптары жазылмай келеді. Көрісу мерекесін атап өту Маңғыстау өңірінде де кеңінен тараған. Сондықтан қос ғашық ата-аналарының тойды 14 наурызда өткізу туралы бастамасын бірден қолдағанын айтады. 

Бекнұр Сұлтанияров, қала тұрғыны:

- Бізде батыста көрісу айт мейрамы болады осы 14 нан бастап, соған орай және Рамазан айының бастапқы күні, сол себепті осындай шешімге келдік. Осындай керемет уақытта деп сол. 

Қос қуанышты қатар атап өтіп жатқан жас жұбайлардың қызығына алыстағы ағайыннан бастап, туған-туыс, құда-жекжат пен дос-жаран түгел жиналды. Мерекелік кеште ауыл ақсақалдары шаңырақ көтерген жастарға ақ батасын беріп, жарқын болашақ тіледі. 

Айта кетейік, Орал қаласында көктем шыққалы бері бір-біріне тағдырын сеніп тапсырған 76 жұп шаңырақ көтерді.

Жандос Жұмабек, Альбина Кұмарғалиева, Ербол Меңдіғалиев, Эльдар Аюпов