Амал мерекесіне орай Оралда жәрмеңке ұйымдастырылды

Батысқазақстандықтар Көрісу мерекесін биыл да ерекше тойлады, деп хабарлайды 24KZ.

12 ауданнан келген шаруалар Оралдың орталық алаңында киіз үй тігіп, жиналған жұртқа ұлттық тағамдар ұсынды. «Атамекен» өнер сарайында тауар өндірушілердің көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Ақжайық өңірінде қыстың ызғары әлі қайта қойған жоқ. Дегенмен күннің салқындығына қарамастан мерекеге жиылған көпшіліктің көңіл күйі көтеріңкі. Орталық алаңда этноауыл бой көтерген. Көрісе келген ағайынға төрден орын беріп, ұлттық тағамдар ұсынылды. Жергілікті өнерпаздар ән-жырдан шашу шашты.

Мирболат Кұрманғалиев, Ақжайық ауданының тұрғыны:

- Амал дейді, Көрісу дейді. Қазақтың жаңа жылы. Қыстан малын асырап шыққан ағайындар ел аман ба екен деп бірімен-бірі қыстан аман шыққанына көрісіп, көктемге, барлығына өздерінше тілек білдіреді.

Көрісу мейрамын Биғалиевтер жанұясы жыл сайын асыға күтеді.  Шығармашыл отбасы әрқашан мерекені толық құрамда қарсы алады.  «Мерейлі отбасы» байқауында облыстың абыройын асырған жанұяда бұл – қалыптасқан дәстүр. Осы жолы да үйдің үлкендері Қазталов ауданынан арнайы келді.

Әрине, мерекелік дастарқанның басты дәмі – Наурыз көже. Оны соғымнан сақтаған сүр етін қосып, отанасы Нұржамал апа өзі әзірлейді.

Нұржамал Сұраншиева, Қазталов ауданының тұрғыны:

- 7 түрлі дәмнен жасалады. Сүрленген қазы, қарта, ет араластырады. Сүт, айран, мейіз. Әркім өзінің қалауынша 7 түрлі, біреулер 9 түрінен жасайды. Көжеміз деген – мына жылдан келесі жылға аман жетейік деп келген қонақтарға ұсынатын көже.

Амал немесе Көрісу айты – Қазақстанның батыс өңірінде ежелден келе жатқан дәстүр. Ғалымдардың пайымдауынша, Көрісудің шығу төркіні туралы түрлі жорамал бар. Тарихшы Жаңабек Жақсығалиевтің айтуынша, мереке моңғолдар мен тувалықтар өмір сүрген шығыстан келген.

Жаңабек Жақсығалиев, тарих ғылымдарының кандидаты:

- 14 наурызда монғолдарда «Сағансар» деген жаңажылдық мереке бар екен. Сол кезде оларда «Золгох» деген дәстүр бар екен. Қазақша аударғанда  «Золгох» жолығу дегенді білдіреді. Демек көне түркі, монғол дәстүрімен байланысты болуы мүмкін деген бірінші көзқарас. Неге батыс өңірлерінде? Өйткені біз Алтын Орда кезінде эпицентр болдық.

Оралдағы мереке биыл қаланың әр жерінде өтті. Кәсіпкерлер өз өнімін жәрмеңкеге шығарды. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін шеберлердің қолынан шыққан бұйымдар көрмесі ұйымдастырылды.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Альбина Құмарғалиева, Ербол Меңдіғалиев.