Көпбалалы ана жолаушы тасымалымен айналысады

Жамбыл облысында 6 баланың анасы жолаушы тасымалымен айналысады, деп хабарлайды 24KZ.

Ботагөз Хасенова көлік жүргізуге бала кезден қызыққан. Бұл қызметін жолдасы мен отбасы да қолдаған. Осылайша, келіншек кәсібінен нәсібін тауып жүр.

Ботагөз алғаш рет темір тұлпарды 9-сыныпта тізгіндеген. Ауылда ауызсу болмай, тұрғындар көрші ауылға қатынайтын. «Сол кезде тіршілік нәрін тасу үшін мотоцикл рөліне отырдым», – дейді. Содан бастап техникаға деген құштарлығы арта бастаған.

Ботагөз Хасенова, жүргізуші:

- Қызық көретінбіз енді бала кезде. Велосипедтен бастадық қой енді кішкентай кезімізде. Одан кейін мотоцикл айдадым. Жигули, Москвич деген автокөліктер болушы еді есік алдында. Соларды көшеде, осы ауыл арасында айдайтынмын.

Ботагөз 20 жыл бұрын Бірлесу-Еңбек ауылына келін болып түскен. Бүгінде 6 баланың анасы. Көпбалалы ана жүргізушілікті 4 жыл бұрын кәсіп еткен. Бастапқыда аудан орталығынан азық-түлік алып келсе, одан кейін ауылдастары облыс орталығына жеткізіп салуды өтінген. 

Ботагөз Хасенова, жүргізуші:

- Үлкен қызым 19-ға толды. Студент. Қалада ақылы университетте оқиды. Соған кішкене күйеуіме жәрдемдесейін деп, ақшаның артықтығы болмайды ғой енді. Сөйтіп жүрген жайым бар. Оның үстіне өзімнің бала кезден арманым – осы машина айдау, көлік жүргізу.

Қазір Ботагөздің тұрақты жолаушылары бар. Көбі оны «сенімді жүргізуші», –дейді. Автокөлік айдауға әбден машықтанған келіншек күндіз-түні жолға шығуға жүрексінбейді.

Түзел Нарәлиева, ауыл тұрғыны:

- «Батаменен ел көгереді» деп алғаны бата, айналайын Бота, – деп шауып келеміз. Ибадатты, жақсы, өнегелі келін. Жақсы айдайды, ереженің бірін бұзбайды. Тоқтайтын жерінде тоқтайды, жүретін жерінде жүреді. Келін онша-мұнша ер жігіттен артық айдайды. Жақсы, бірқалыпты айдайды.

Жүргізушінің жолдасы техникалық жөндеу орталығында жұмыс істейді. Келіншегінің көлігінен кінәрат табылса, қалпына келтіріп қолдау көрсетуге әрдайым дайын.

Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев.