Елордалық жас жұбайлар Шаңырақ күні отау құрды

Елордалық жас жұбайлардың некесі «Бәйтерек» монументінде салтанатты түрде қиылды, деп хабарлайды 24KZ.

Шаңырақ күніне орай ұйымдастырылған мерекелік шараға 6 жұп қатысты. Арасында 55 жыл отасып, өмірдің ащысы мен тұщысын бірге көріп келе жатқан ерлі-зайыптылар да бар.

Некелесу рәсімі – жас жұбайлар өміріндегі маңызды сәт. Шараның «Бәйтерек» монументінде өтуінің де өзіндік мән-мағынасы мен тәлім-тәрбиесі бар. Жаңа өмірге қадам басқан жастардың құрған шаңырағы бәйтеректей биік болсын деген ниетте ұйымдастырылған. 

Дәрменияр Қыдырбекұлы, Есіл ауданының әкімі:

- Жас жұбайларға біз ұсыныс бердік осындай. Бәйтеректе салтанатты түрде қатысасыздар ма деп. Шаңырақ күніне орай деп. Жарты ғасырдан астам отау құрған отауларға сый-сияпатымызды білдіріп, сол кісілерді келе жатқан жастарға үлкен үлгі болсын деп осы мерекені қос мереке қылып ұйымдастырып жатырмыз.

Салтанатты шараны өткізуге қала әкімдігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» мұрындық болды.

Қайрат Қамбаров, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің комитет төрағасы:

- Жалпы мақсат – үлкен ағаларымыз бен апайларымызды жастарға өнеге ретінде көрсету. Отбасылық құндылықтарды насихаттау, дәріптеу. Жастарға отбасын құру кезінде осылай өмір сүруге болады дегендей, сабақ ретінде осындай шараны ұйымдастырып отырмыз.

Мұндай тағылымды шаралар отбасы мәртебесін көтеріп, ортақ құндылықтарды дәріптеуге негіз болады, – дейді ұйымдастырушылар.

Авторы: Дильназ Тұрғазыева.