Бөгет тасқынға тосқауыл бола ма?

Солтүстік Қазақстан облысындағы Тепличный ауылында қорғаныс бөгеті нығайтылады.

Қазір әскери бөлімнің сарбаздары көмекке келіп, тасқынға қарсы құм дайындап жатыр. Петропавл маңындағы елді мекенге көктем сайын қар суы мен Есіл өзені қауіп төндіреді.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Тепличный ауылының тұрғындары 2017-нің көктемін әлі күнге дейін ұмытқан жоқ. Ол жылы Есіл өзені қатты тасып, елді мекеннің 40-қа жуық үйін су басып қалған болатын.

Тепличный ауылы Петропавлдан небәрі бес шақырым қашықта орналасқан. 400-ден артық үй бар. Жергілікті тұрғындар жеті жыл бұрынғы тасқынды әлі күнге ұмыта қоймаған.  

Николай Алексеев, Тепличный ауылының тұрғыны:

- 2017 жылы судың деңгейі бөгетпен бірдей болды. Үйлер мен саяжайлар су астында қалды. Биыл да қар көп. Әрине алаңдаймыз.

Сол тасқыннан кейін ауылда биіктігі 3 метрге жететін бөгет салынды. Содан бері көктем сайын таситын Есіл мен қар суына төтеп береді. Биыл оны нығайту үшін 6 мың қап құм дайындалып жатыр.

Дәурен Рамазанов, Прибрежный ауылдық округінің әкімі:

- Іс-шаралар мынау трубалар тазаланып, жолдар кеңейтіліп, сол жолдың жиегіндегі мынау дамбының үстіндегі тезірек еріп, қары кепсін деп сол үстіндегі қарларды да тазалап сөйтіп қарларды шығарып, сондай жұмыстар жүргізіліп жатыр қазіргі таңда.

Өңірде су басуы мүмкін деген 87 елді мекен бақылауға алынды. Синоптиктердің айтуынша, тасқынның алғашқы толқыны сәуірдің басында басталуы мүмкін.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков