Астанадағы Байқоңыр ауданында болған өрт ауыздықталды

Астана қаласының Байқоңыр ауданында болған қоймадағы өрт толық ауыздықталды.

Қызыл жалынмен күрескен 14 бірлік техника тартылып, 70-ке жуық маман жұмылдырылған. 1 мың 700 шаршы метр аумақты шарпыған өрт салдарынан бір қабатты ғимараттың алдыңғы қабырғасы мен шатыры құлаған. Мамандардың айтуынша, бұл қоймада балалар ойыншығы мен жөргектер сақталған. Абырой болғанда адамдарды күйік шалмаған. Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер қызыл жалынды 2 сағаттың ішінде толық ауыздықтап, оттың өзге ғимараттарға өтіп кетпеуінің алдын алды. Қазір өрттің неден шыққаны анықталып жатыр.

Назарали Селимов, Астана қаласы ТЖД Өрт сөндіру қызметінің бастығы:

- Жоғары екінші ранг бойынша барлық өрт сөндіру бөлімшелері жұмылдырылды. Жақын жерде орналасқан гидрант 500 метрде жерде болды. Су бойынша ешқандай проблемалар болған жоқ, зардап шеккендер жоқ. Қазір конструкцияларды ашу және су құю жұмыстары жүргізілуде.