Неоэтникалық ағым, бірегей бренд

Ұлттық нақыш, заманауи үлгі, бірегей бренд.

Отандық дизайнерлер бүгінде неоэтника бағытына бет бұрған. Осылайша халықаралық сән әлемінде қазақы үлгілерді ұсынып келеді.

Жанна Мәлікова, дизайнер: 

- Ерлер топтамасына мен мынандай үлгіні таңдап алар ем. Ол жүн матадан тігілген. Ерекше пішілген үлгі. Қолмен сырылған. Оған қоса көшпендінің капюшоны бар. Түймесі де авторлық үлгіде, шаңырақ түрінде жасалған. Ер азаматтар үшін ыңғайлы, ықшам күртеше. Оны күнделікті киюге болады. Сондай-ақ, міне, мынадай шибарқыттан тігілген желет бар. Ұлттық нақышта тігілген бұйым. Арқа тұсында тұмары бар. Шибарқыт пен күдері матасынан тігілген. Жалпы, шибарқыт қазір трендте. 

Халықаралық сән апталығына апаруға тұрарлық бұйымдарын дизайнер Жанна осылай іріктеп көрсетіп жатыр. Шетел сәнгерлерінің назарына ілікпей тұрып, неоэтникалық үлгілерді алдымен өзіміздің нарыққа насихаттасақ, дейді ол. Бірнеше дизайнердің қиялынан туатын топтамалар бүгінде осындай сәнді бутикте ұсынылған. Мұнда оверсайз үлгідегі футболкадан бастап, жеңіл шекпен мен күзгі-қысқы шапанның түр-түрін табуға болады. Ерекшелігі сол – күнделікті өмірде жарастырып киюге болады.

Жанна Мәлікова, дизайнер: 

- Брендті құрмай тұрып, біз Орталық Азия елдерін аралап, көршілес мемлекеттердегі жағдайға қанықтық. Онда ұлттық киім қалай тігіледі? Қалай киіледі? Осының бәрін көріп, сараптаған соң, Қазақстанға да осындай заманауи этно үлгіні насихаттайтын бренд керегіне көзіміз жетті.

Бақыт Топтаева, тілші:

- Дала реңкіндегі табиғи түстер, жоғары  сапалы мата, ықшам һәм сәнді үлгі.  Қазақстандық дизайнерлер халықаралық подиумға этно үлгідегі топтаманы апарсақ, дәл осындай критерийлермен таңдар едік, дейді. Онысы әрине, жөн. Өйткені, шетелдің сәнқұмарлары мұндай бірегей үлгіге әуес, қуана-қуана сатып алады. Мәселен, ашылғанына жарты жыл ғана болған мына дүкенге шетел азаматтары жиі кеп тұратын көрінеді.

Дүкенге қарасты шағын цехта бүгінде 7 тігінші бірегей үлгідегі киім тігеді. Айта кетерлігі, шағын топтамадағы үлгілердің саны шектеулі. Бұл да бірегейлікті ұнататын талғампаз жандардың көңілінен шығудың бірден-бір амалы.

Ал бұл халықаралық сән нарығына талпынған тағы бір отандық дизайнер – Жанар Еркінғалиеваның топтамасы. Әр үлгідегі асық бейнесі дизайнердің қолтаңбасы. Әжесінің көне сандығынан табылған асықтар Жанардың бойтұмарына айналғалы қашан. Бүгінде асық түріндегі жеңтүймелерге тапсырыс көп түседі, дейді ол.  

Жанар  Еркінғалиева, дизайнер:

- Біздің бұйымдар Қазақстанда, бірнеше қалада сатылады. Сосын біз өзіміздің сайтымызды аштық. Соның төлем жүйесі бар. Сондықтан әр қалада, кез келген елге оны тапсырыс беруге болады.

Мәскеудегі сән институтының түлегі АҚШ-қа қоныс аударған. Енді Жанар Атлант мұхитының арғы бетінде ұлттық брендті насихаттауды ниет етіп отыр.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Ернар Жақсыбаев