Жастар тәрбиесі – өзекті мәселе

Алматыда өткен дөңгелек үстелде қатысушылар жас ұрпақтың мінез-құлық үлгілерін қалыптастыратын құндылықтарды ортаға салды.

Жиынның тақырыбы "Әділетті Қазақстанның жауапты азаматы: құндылықтар мен мінез-құлық үлгілері" деп аталды. Оған жиналған саясаттанушылар мен Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшелері жастардың тәрбиесіне қатысты бірқатар өзекті мәселені сараптады. Атап айтқанда, «Адал азамат» ұғымына қатысты адами құндылықтарды дұрыс қалыптастыру қажеттігін жеткізді. Оған қоса Ұлттық Құрылтайда көтерілген мәселелерге өз көзқарастарын білдірді.

Юрий Булуктаев, Философия, саясаттану және дінтану институтының бас ғылыми қызметкері:

- Президент Тоқаев "Адал азамат" ұғымының қандай болатынын жақсы айтып берді. Адам есейген сайын ол қоғам мен мемлекеттің барлық құндылықтарын бойына сіңіреді. Ал қазір өсіп келе жатқан жастарымыздың сана-сезімін кім қалыптастырады? Оған не әсер етіп жатыр? Бұл үлкен мәселе. Ол отбасы институтынан басталуы керек. Осылай мектепте, жоғары оқу орындары мен еңбек ұжымдарында жалғаса беруі тиіс.

Алмасбек Шағырбай, дінтану орталығының директоры:

- Құрылтайда көтеріліп отырған мәселелердің барлығы өзекті мәселелер. Ол дегеніміз күн тәртібіндегі біздің дамуымызға негізгі болатын жауапкершілікті адам, әділетті қоғамдағы жауапкершілікті азаматтарды қалыптастыру. Бұл дегеніміз әрқайсысымыз өзімізден басталатын жауапкершілікті сезіне білуіміз қажет.