Алматыдағы жол апатына қатысты сот процесі жалғасып жатыр

Алматыда 3 адамның өмірі қиылған жол апатына қатысты сот процесі жалғасып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Былтыр желтоқсан айында қоғамдық көлікті тізгіндеген әйелді жолаушы жұдырықтап, салдарынан басқарусыз қалған автобус 3 адамды қағып мерт қылған. Сол күні жүргізушіні ұрған 33 жастағы Дархан Ахметжанов қамауға алынған. Бүгін Алатау аудандық сотында куәгерлер тыңдалды. Марқұм болған кісінің жары Айнұр Құсайынова жүргізуші Ермек Шөкебаеваның есінен танып, рульге ие бола алмай қалғанына сенбейді.  Бұған дейін ол жүргізушіні қылмыстық жауапқа тартуды талап еткен. Ал Дархан Ахметжановқа Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айып тағылып отыр. Ол кінәсын 293-бап, яғни «бұзақылық жасау» фактісі бойынша мойындады. Енді келесі тыңдау 26 наурызда өтеді.

Айнұр Құсайынова, жәбірленуші:

- Бес камера бар дейді автобустың ішінде. 5 камераның біреуі ғана сотқа жеткен екен. Қалған төртеуі жоқ. Қайда? Мен соны, көп затты түсінбедім. Тергеу қалай жүргенін түсінбедім мен. Қалай болғаны бұның бәрі? Куәгер қылып, зардап шегушілерді куәгер жасағанын түсінбедім мен.