«Төрлет Әз-Наурыз!». LIVE

Қонаев қаласының орталық алаңында «Төрлет Әз-Наурыз!» мерекелік думаны өтіп жатыр.

«Наурыз көш-шеруінен» басталып, концерттік бағдарламаға ұласты. 

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- Алматы облысының халқы түбі бір түркі жұртының ұлық мейрамы әз Наурызды биыл да айрықша атап өтіп жатыр. Міне, осы жаңа ғана 2 мыңнан астам адамның қатысуымен «Наурыз көш-шеруі» өтті. Ол Қонаев қаласының оңтүстік кіреберісіндегі «Қар барысы» ескерткішінен басталды. Мерекелік шеруге қатысушылар Алматы және Жамбыл көшелерімен 2 шақырымды жаяу жүріп өтіп, Орталық алаңға келді. Тұрғындардың жүзінен мерекелік көңіл-күй айқын аңғарылып тұр.

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- Қонаев қаласының орталық алаңына мерекелік сахна мен он екі қанатты он киіз үй тігілді. Меймандар үшін сол киіз туырлықты, ағаш уықты ақшаңқан үйлерде ақ дастархан жайылып, ұлттық тағамдарымыз бен арнайы әзірленген Наурыз көже ұсынылуда. Онда музей және туризм көрмелері жасақталғанын да айта кетейік.

Алматы облысындағы Наурыз мейрамына арналған мәдени көпшілік шаралар ертең Талғар мен Еңбекшіқазақ аудандарында жалғасады. Шелек ауылында жаңа денешынықтыру сауықтыру кешені ашылса, Қонаев қаласының іргесіндегі Шеңгелді ауылында аламан бәйге ұйымдастырылып, қазақтың ұлттық ойындары бойынша дала қызықтары өтеді.