Алматыда «Көш. Наурыз-думан» мерекелік керуені жүріп өтті

Наурыз мерекесі Алматыда бар сән-салтанатымен тойланады.

Бүгін қала көшелерімен «Көш. Наурыз-думан» мерекелік керуені жүріп өтті. Оған батыр, бүркітші, ақын және басқа да образдағы 1000-нан астам адам қатысты. Мұндағы мақсат қала қонақтары мен жастарды ұлтымыздың әдет-ғұрпы, мәдениетімен таныстыру. 

Көш мәдениеті ежелден бар дәстүр. Ғалымдардың пікірінше көштің пайда болуына халқымыздың тұрмыс-салты ықпал етті. Бүгінгі мерекелік шара Достық даңғылынан басталды. Көш көлікті, көрікті, салтанатты, сәнді болсын деп байырғы дәстүрмен көш басына сұлу қыздар шыққан. Батыр бейнесіндегі алып азаматтар Абай даңғылымен аяңдағанда, арба  орнынан қозғалды. 

Сарқытбай Ырысбаев, қала тұрғыны:

- Салт-сана, дәстүрін бәрі болып жатқаны қандай керемет. Ұлыс оң болсын дейтін нағыз халықтың мерекесі деп ұғуға болады бұны.

Ербол Ілиясов, қала тұрғыны:

- Көңіл-күйіміз өте тамаша. Сондықтан да елімізде ең бірінші кезекте аманшылық, жұртымызға тыныштық еліміз өркендесін.

Наурызнама бағдарламасы бойынша ұйымдастырылған бұл мерекелік іс-шараға мемлекеттік қызметкерлер, өнер ұжымдары, білім мекемелерінің қызметерлері бір кісідей атсалысты. Керуен басындағы  киіз үйде театрландырылыған көріністер  болды.

Алмас Садуақас, тілші:

- Думанды көш Абылай хан даңғылына келіп тоқтады. Өнерпаздар бар өнерін ортаға салып,  ұлттық әндер шырқалды.

Сондай ақ  қала тұрғындары мен қонақтары қыз күймесін, қоржынға жібек маталар мен кілемдер артқан түйелерді, ат үстіндегі батырларды, құмай тазыларды, жалпы жеті қазына нышандарын көріп, қуанышқа бөленді.

Авторлары: А. Садуақас, С.Бейсекенов