Жезқазған көшелерімен мерекелік керуен жүріп өтті

Наурыз мейрамына орай Жезқазған көшелерімен мерекелік керуен жүріп өтті, деп хабарлайды 24KZ.

Атқа мінген батырлар бастаған көшке ұлттық киім киген тұрғындар ілесті. Биыл 70 жылдығын атап өтетін мысты шаһардың тойына қала халқы осындай сый жасады.

Елдос Кәкенов, тілші:

- Ұлы дала төсіне жаңа күннің жеткенін сүйіншілеген керуеннің басын қызғалдақ бейнесінде киінген ару қыздар мен «Ақ әжелер» ансамблі бастап жүрді. Соңын ала ілескен сал серілер мен әнші, күйшілер көштің көркін келтірді. Жалпы саны 500-ге таяу адам қатысқан шеру Алашахан атындағы даңғыл арқылы Алаш алаңына дейін жүріп өтті.

 Ғалым Мұхамедин, қала тұрғыны:

- Жалпы ерекше болып жатыр. Бүгін Алланың күні де жылынып, бізге сый ретінде төгіп тұрған тәрізді. 70 ақсақал, 70 әже, 70 келін, 70 қыз бала жаңадан өсіп келе жатқан. Сондай бір керемет бағдарламамен басталып жатыр. Той тойға ұласа берсін!

Салтанатты шара барысында «Ең үздік киіз үй» сайысының жеңімпаздары марапатталды. Бас даңғылдың бойына тігілген ақшаңқан үйлерде салт-дәстүрден жарыс ұйымдастырылды. Ат қою, ашамайға мінгізу секілді ұмыт бола бастаған дәстүрлер жаңғырды. Көнеден жеткен жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылды.

Жанұзақ Кенбаев, қала тұрғыны:

- Тазалыққа, шындыққа, адамды адамгершілікке тәрбиелейтін өте сондай орны бөлек мереке – бұл. Сондықтан бұны құрметтеу, әрмен қарай дәріптеу, кейінгі жастарға үлгі ету – біздің міндетіміз.

Алтын Бектұрғанова, қала тұрғыны:

- Көңілді өтіп жатыр. Наурызымыз – Ұлыстың ұлы күні құтты болсын. Наурыз мейрамына жылда аман жете берейік. Еліміз аман болсын, тыныштық болсын.

Жұртшылыққа мерекенің басты тағамы – Наурыз көже таратылды. Эстрада әншілерінің қатысуымен концерттік бағдарлама мен сахналық қойылымдар ұсынылды. Әрине, Наурыз мейрамы спорттық сайыстарсыз өткен бе?! Білекті жігіттер күш сынасып, ұлттық ойындардан үздіктер анықталды.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Нұрдәулет Аманкешов.